2012 жылы ауыл халқы үшін 86 медициналық мекеме салынып, пайдалануға берілді

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, ауылдағы денсаулық сақтау нысандарын материалдық-техникалық жағынан нығайту жұмыстары былтырғы жылы да қарқынды атқарылған. Мәселен, тек соңғы 3 жылдың ішінде ауылдардағы емдеу ұйымдарына 5000-ға тарта медициналық құрал-жабдықтар сатып алынған. Бұдан бөлек, тек 2012 жылдың өзінде ауыл халқы үшін 86 медициналық мекеме салынып, пайдалануға берілген.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл тұрғындарын қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етуде негізгі салмақ көлік медицинасына - жылжымалы медициналық кешендерге, «медициналық пойыздарға» түсіп отыр. Бұл бағытта өткен жылы 600 мыңға тарта ауыл халқы білікті дәрігерлердің қарауында болды. 1,5 млн.-ға тарта зертханалық-диагностикалық қызметтер көрсетіліп, бейіндік кеңестер берілді», - делінген министрлік таратқан мәліметтерде.