2012 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің 141 млн. теңгесі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ҮЕҰ-ларға беріледі

АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындау үшін алғаш рет үкіметтік емес ұйымдардың көмегіне жүгінуде.
None
None

Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР ДСМ Стратегиялық даму департаментінің директоры Болат Төкежанов мәлім етті.

Б.Төкежанов атап көрсеткендей, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасында сектораралық өзара іс-әрекеттестікке баса назар аударылған. Осыған байланысты

министрлік, аурулардың алдын алу және ақпараттық-насихаттау жұмыстарының тиімділігін одан әрі жақсарту мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарға ҮЕҰ-ларды тартуды шешті. Бұл мақсатқа ведомство қазынасынан барлығы 141 млн. теңге бөлініп отыр. Жобалар түрлі 17 бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады.

Б.Төкежановтың айтуынша, Қазақстанда жұмыс істейтін 100-ден астам ҮЕҰ-ның арасынан «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» ҚР Заңына сүйене отырып, олардың 16-сы іріктеп алынды. Жобалар 2012 жылдың қаңтарынан бастап жүзеге асырыла бастайды.

Ал мемлекеттен бөлініп отырған қаражаттың тиімді әрі мақсатты игерілуін қадағалау үшін және ҮЕҰ-лармен үнемі тығыз байланыста болу мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан Үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық және өзара әрекеттестік жөніндегі кеңес құрылды.

Кеңестің мақсаты - министрлік қызметінің азаматтық қоғаммен үйлестірілуін қамтамасыз ету, саланы дамыту бағдарламасын жария ету және орындау, азаматтық қоғамды стратегиялық, саяси және ағымдағы шешімдерді қабылдау үрдісіне тарту, азаматтық бастамашылықтың дамуына жағдай жасау, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру бойынша ұсыныстарға бастамашылық ету, ҮЕҰ бастамаларын қарау және қолдау, министрлік пен оған қарасты ведомстволық ұйымдардың ҮЕҰ-лармен өзара әрекеттестігін дамыту.

ҮЕҰ-лар жүзеге асыратын әлеуметтік жобалар өмір сүру ұзақтығына, салауатты өмір салтын насихаттау мен репродуктивті денсаулықты нығайтуға, қант диабетімен ауыратын науқастардың өмір сүру сапасын жақсартуға, профилактикалық медицинаны ары қарай нығайтуға бағытталған. Сондай-ақ, бірқатар жобалар медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмек сапасы мәселелеріне, әлеуметтік қызметкерлерді дайындауға, медициналық қызметкерлердің мәртебесін көтеруге, сонымен бірге еліміздің барлық аумақтарында «Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасын мониторингілеуге арналып отыр.

Департамент басшысының айтуынша, бүгінгі күні ҮЕҰ-лар жүзеге асырып отырған жобалар өздерінің қоғамға қажеттіліктерін дәлелдеді. Мәселен, үстіміздегі жылдың 9 айы ішінде Қазақстанда жұмыс істейтін Жастар денсаулығының 32 орталығына 107 мыңнан астам жеткіншек көмек сұрап хабарласқан (2010 жылдың сәйкес кезеңінде бұл сан 31 мыңна сәл көп болды). Олардың 40 пайызы - жігіттер, 60 пайызы - қыздар. Қайта хабарласқандардың саны - 15 155 адам. Хабарласқандардың уәждерінің басым бөлігі репродуктивті денсаулық, заңгерлерден кеңес алу мәселелеріне қатысты болды.

Соңғы жаңалықтар