10:47, 18 Ақпан 2013 | GMT +5
2012 жылы денсаулық сақтау саласының жұмысы азаматтарымыздың өмір сүру ұзақтығына бағытталды - С.Қайырбекова
АСТАНА 18 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстан азаматтарының өмір сүру ұзақтығы былтыр 0,59 жасқа ұлғайды. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде денсаулық сақтау саласының даму мәселелеріне арналған Үкімет сағатында мәлім болды.

Жиын барысында негізгі баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова 2012 жылды қорытындылай келе, саланың басты көрсеткіші - азаматтардың өмір сүру ұзақтығына бағытталғанын атап өтті.
Министрдің айтуынша, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында тиімді іс-шаралардың дер кезінде қабылдану нәтижесінде ел азаматтарының өмір сүру ұзақтығы 0,59 жасқа, яғни 2011 жылғы 69,01 жастан 2012 жылы 69,6 жасқа ұлғайған.
«Соңғы 3 жыл ішінде елімізде аналар өлімі 3,7 есе, нәрестелер өлім-жітімі 25 пайызға, ал қан айналымы ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 20 пайызға төмендеді», - деді министр.