2012 жылы Электрондық үкімет порталында 100-ден аса қызмет түрі жүзеге асады - Байланыс және ақпарат министрі

АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2012 жылы Электрондық үкімет порталында 100-ден аса қызмет түрлері жүзеге асады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту тақырыбында өткен Үкімет сағатында Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті.

2012 жылы Электрондық үкімет порталында 100-ден аса қызмет түрі жүзеге асады - Байланыс және ақпарат министрі

«Ағымдағы жыл басында Электрондық үкімет порталы арқылы 18 мың анықтамалар берілген болса, бүгінгі күні бұндай жолмен берілген анықтамалар саны 1 млн. 300 мыңға дейін жетіп отыр. Жалпы, 2010 жылы электрондық лицензияларды беру басталып, қазіргі уақытта бұлардың саны 100-ге жетті. Бұдан бөлек, 2009 жылы Электрондық үкімет порталында 59 электрондық қызмет пен сервистер болса, 2010 жылдың аяғына дейін бұл көрсеткішті 74-ке дейін арттырамыз», - деді А. Жұмағалиев.

Министрдің айтуынша, жыл сайын қазақстандықтар үшін ұсынылатын электрондық қызметтер саны ұлғая түспек. «Нәтижесінде, 2011 жылы 15 жаңа электрондық қызметтерді енгізіп, 2012 жылы олардың санын 100-ден асыратын боламыз», - деді А. Жұмағалиев.