2012 жылы еліміздің 12 аймағынан 537 білім мекемелері электронды оқытуға көшті
АЛМАТЫ. 1 ақпан. ҚазАқпарат - Әлемдегі дамыған елдердің 80 пайызы білім жүйелерін электронды оқытуға көшіре бастады. Білім беру үрдісін автоматтандыру яғни, кез келген жерден оқуға мүмкіндік туғызу, кез-келген ақпаратты тез алуға бағытталған бұл үрдіс ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап әр елде әртүрлі жағдайда, әртүрлі мазұнда басталды.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалының Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын республикалық институтының аға оқытушысы Жанар Жартынованың айтуынша, соңғы екі жылда электронды оқыту жүйесі Қазақстан мектептерінде де жүзеге аса бастады. Ол 2011 жылы бұл үрдіс Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды облысындағы 44 білім мекемелерінде пилоттық жоба ретінде басталған болатын. 2012 жылы электронды оқытуға еліміздің 12 аймағынан 537 білім мекемелері көшті.
«Әрине электронды оқыту барлық мәселелерді шеше алмайды. Оның үстіне электронды оқытуға көшкен білім ошақтарының жұмыс нәтижесін зерделеу, сараптау, бұл мәселеге байланысты жаңа проблемалардың туындағанын көрсетуде. Демек, біз бұған дейінгі қол жеткізген жетістіктерімізге масаттанбай, бұл бағыттағы білімімізді, тәжірибемізді үнемі жетілдіріп отыруымыз керек. Тағы да бір ескеретін мәселе, электрондық оқыту жүйесіне байланысты басқа елдердің тәжірибесін үнемі қадағалап отыру», - дейді Ж.Жартынова. Жанар Әлібекқызының сөзіне қарағанда, 22-25 қаңтар күндері ҚР Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын республикалық институтында Оңтүстік Кореяның Korea National Open University профессоры Хан Те Иннің қатысуымен "Trends of e-learning" атты тақырыпта халықаралық семинар өтті. 105 педагог қатысқан бұл шара кезінде Ақпаратық технология және e-Learning, e-Learning стандарттары, e-Learning 2.0 және бірлескен ұжымдық сана технологиялары, дизайн нұсқаулығы, SMART Learning және Үздік контент және т.б. мәселелер бойынша дәрістер оқылып, тренингтер жүргізіліп, дөңгелек үстел жиындары ұйымдастырылды.