2012 жылы елордада төтенше оқиғалар салдарынан 75 адам мерт болды
АСТАНА. 11 қаңтар. ҚазАқпарат - Өткен жылы елордада төтенше оқиғалар салдарынан 75 адам мерт болды.
Бұл туралы бүгін Астана қалалық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бейбіт Садықов айтты.
Оның атап өтуінше, 2012 жылы елорда аумағында 1185 төтенше жағдай тіркелген. Бұл 2011 жылмен салыстырғанда 21 пайызға көп. Нақты айтқанда, табиғи сипаттағы 23 оқиға тіркеліп, 3 көлік апаты, 92 өндірістік апат, 144 тіршілікпен қамтамасыз ету жүйесіндегі апат, сондай-ақ 922 өндірістік және тұрмыстық өрт орын алған.
«Департамент бөлімшелері шұғыл шақыртуларға 3150 рет шықты, оның ішінде судан құтқару қызметі - 45 мәрте. Орындалған жұмыс нәтижесінде 185 адам құтқарылып, 2400 адам қауіпсіз жерге көшірілді», - деді ол.
Б.Садықовтың айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан төтенше жағдайлардан 75 адам қаза тауып, 349 адам зардап шеккен. Келген шығын 247 млн. тенгені құрайды.