2012 жылы елордаға 1 500-ге тарта оралман қоныстанды

Ал 2012 жылы елордаға 1469 оралман келді. Бұл туралы astana.kz сайтына Республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігінен хабарлайды.
«Барлық оралмандардың (52,3%) тең жартысынан астамы - еңбек жасында, еңбек жасына жетпегендері - 42, 5 пайыз. 2 983 иммигранттың (31,4%) жоғары білімі, 1 520-сының (16,0%) - арнайы білімі бар», - делінген хабарламада.
2012 жылдың тамыз айында Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, Республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігі базасында оралмандар үшін консультативтік орталық ашылды.
Орталықта анықтама телефоны жұмыс істейді. Тарихи отанына оралған бауырларымыз туралы кез келген ақпаратты 47-80-19 нөмірі арқылы білуге болады. Жобаны жүзеге асыру барысында аталған қызметті 237 адам пайдаланған.
Көпшілігін қызықтыратын сұрақтар мыналар:
- құжаттамалар (тұруға рұқсат алу, тұрақты мекенжайға тіркелу, азаматтық алу) (11.6%);
- көші-қон квотасы, оралман мәртебесі, заңдық көмек алу (9.7%);
- жәрдемақылар мен зейнетақылар төлеу (3.5%);
- жұмысқа орналасу, елордада шағын және орта бизнесті қолдау мен дамыту, «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасына қатысу (25,6%).
- жер телімдерін, баспана алу, сондай-ақ, «Қолжетімді тұрғын үй -2020» бағдарламасына қатысу (68,5%);
- «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы несиемен пәтер алу (45,6%).