18:36, 17 Қазан 2012 | GMT +5
2012 жылы қала көшелерін 100-ге тарта автобус толықтыратын болады
АСТАНА. 17 қазан. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері жолаушылар көлігі кәсіпорындары 83 жаңа автобус сатып алды. Жылдың аяғына дейін тағы да қосымша 20 жаңа автобус сатып алу жоспарлануда, - деп хабарлайды Астана қаласының Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасынан.
Елорда әкімдігі ресми сайтының мәліметінше, басқарма автокәсіпорындардың GPS-навигациясы жерсерігі көрсеткіштері бойынша жұмыстарына есеп жүргізуді қолға алып, пойыз жолаушыларына қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды қарастыратын «Электронды билет» ілкі жобасын әзірледі. Оны осы жылдың қараша айында енгізу жоспарлануда.
Басқарманың ақпараты бойынша, қала бағыттарында жолаушылар тасымалын қазіргі уақытта 8 автокәсіпорын жүзеге асырады. Күн сайын желілерге 778 автобус шығарылады. Қала бағыттарындағы жолдардың ұзындығы, жалпы алғанда, 2442 километрді құрайды. Күн сайын осы жолдармен 515 мыңға дейін жолаушы тасымалданады.