2012 жылы «Қазақша Википедиа» редакторларының санын мың адамға дейін көбейту жоспарлануда

АСТАНА. 17 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Қазақша Википедиа» жобасы 2012 жылы белсенді редакторлар санын мың адамға дейін ұлғайтуды жоспарлауда.

2012 жылы «Қазақша Википедиа» редакторларының санын мың адамға дейін көбейту жоспарлануда

Бұл туралы «WikiBilim» қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы рm.kz сайтына берген сұхбатында айтты.

«Біздің жобамызға барлық деңгейде назар аудартуға тырысудамыз. Қазақ тілі үшін қуанатын, біздің жобамызды танымал етуге өз үлесін қосуға тырысатын адамдардың арқасында жобаның сапасы артып келеді және қоғамның сеніміне ие», - деді ол.

Сонымен қатар жобаға қоғамды тарту мақсатында Wiki-байқауы өткізіліп жатқанын атап өткен Р.Кенжеханұлы: «Байқау «Қазақша Википедиаға» мақала жазатын адамдар арасында өткізіледі. Алғашқы 100 мақала жариялаған 100 автор ноутбукке ие болады. Қазақстан тәуелсізідігінің 20 жылдығы күніне орай үздік мақалаға байқау ұйымдастырылды. Материалы үздік танылған авторлар ұялы телефонға ие болады», - дейді.

Осы шаралардың арқасында 2012 жылы белсенді редакторлардың санын 1000 адамға дейін көбейту жоспарланып отыр.

Жоба жетекшісінің атап өтуінше, «Қазақша Википедианы» дамытудағы Үкіметтің қолдау зор маңызға ие. Өйткені материалдардың басым бөлігі кітап түрінде жарияланады. Қазақ тілінде жарияланатын энциклопедиялардың, көркем және ғылыми кітаптардың басым бөлігі мемлекеттік тапсырыс.

Айта кетейік, тамыздың 4-і мен 7-сі аралығында Израильдің Хайфа қаласында өткен «Wikimania-2011» конференциясының қорытындысы бойынша Қазақстандық «WikiBilim» қоры «2011 жылдың ғаламдық википедиашысы» атағын иеленіп (Global Wikipedian of the Year), Википедианың негізін қалаушы Джимми Уейлстің (Jimmy Wales) арнайы грантын жеңіп алды. Қазақша Википедиа» жобасындағы мақалалардың саны 117 мыңға жетті. Жоба Үкімет пен ел Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың қолдауына ие.