17:13, 30 Сәуір 2013 | GMT +5
2012 жылы Қазақстанда 130 мыңнан астам автомобиль техникалық байқаудан өткен жоқ
АСТАНА. 30 сәуір. ҚазАқпарат - ҚР ККМ Көліктік бақылау комитетінің мәліметінше 2012 жылы 132 437 автокөлік құралы түрлі техникалық ақауларына байланысты техникалық байқаудан алғашқы тексерісінен өте алмаған. Атап айтқанда, 50 326 көлік құралының дискілік тежегіш механизмі мен тежегіш белдігінде, 39 731 көліктің жарық құрылғыларында, 7 946 көліктің басқару рулінде ақаулар анықталған болса, 10 595 автокөлік қозғалтқыш жүйелеріндегі ақауларға, 3 973 көлік алдыңғы тұтқышының деформациялануына, 19 866 көлік тұрақтандырғышының бұзылуына, амортизаторлардан сұйықтың ағуына байланысты техникалық байқаудан өте алмаған.

2013 жылдың басынан бері 509 833 автокөлік құралы техникалық байқаудан өтуге тиіс болса, оның 45 813-і алғашқы тексерістен өте алмаған.
Жоғарыда көрсетілген статистикалық мәлімет көліктердің, оның ішінде жеке тұлғаның иелігіндегі көліктердің барлығы бірдей қажетті техникалық жағдайда күтілмейтіндігін аңғартады.
Бүгінгі күні Қазақстанда 335 техникалық байқау орталықтары жұмыс істейді. Барлығы 679 желі, оның ішінде 386 стационарлық, 293 мобильдік желі іске қосылған.