2012 жылы қазақстандық білім беру жүйесін жаңғырту жұмысы жалғасады
АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің 2012 жылғы дамуының он негізгі бағытын анықтап берді.
Басымдықты мәселелердің қатарында білім беру жүйесін жалғастыру міндеті бар. Президент Үкіметке біліктілікті бекітудің тәуелсіз жүйесін құруды, мектеп оқушыларының функциялық сауаттылығын дамыту жөніндегі іс-қимылдардың ұлттық жоспарын қабылдауды міндеттеді және білім беру саласындағы тағы бірқатар міндетті анықтап берді, деп хабарлады pm.kz сайты.
«Биылғы Жолдау Үкіметтің және мемлекеттік органдардың алдына жаңа бағыт-бағдарлар қойып отыр - бұл жаһандық мазмұндағы құжат. 2012 жылға нақты мақсаттар мен басымдықтар қойылды. Бізге - білім беруді сапалық тұрғыда арттыру міндеті жүктеліп отыр», - деп атап көрсетті білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов бүгін Алматыдағы жоғары оқу орындарының студенттерімен және педагогтарымен болған кездесуде.
2012 жылы қазақстандық білім беру жүйесін жаңғырту ісі жалғасады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізу туралы тапсырма берді.
«Бүгінде халықаралық стандарттар негізінде Назарбаев Университеті мен Зияткерлік мектептер табысты жұмыс істеуде. Кәсіптік-техникалық білім берудің озық мекемелерінің желісі дамып келеді. Олардың тәжірибесін бүкіл қазақстандық білім беру жүйесіне таратып, барлық білім беру мекемелерін солардың деңгейіне тарту қажет», - деді Елбасы өз Жолдауында.
Педагогтар құрамының сапасын арттырудың маңызы зор. Арқаулық педагогтік білім берудің үлгі-қалыптарын, мектептер мен жобалар оқытушыларының біліктілігін арттыруға талаптарды күшейту қажет. Әр өңірде педагогтардың біліктілігін арттыратын интеграцияланған орталықтар жұмыс істеуі тиіс.
Елбасы сондай-ақ біліктілікті бекітудің тәуелсіз жүйесін құру туралы міндет қойды. Және Үкіметке үстіміздегі жылы қанатқақты режімде салалық ассоциациялар арқауында 1-2 салада тәуелсіз Біліктілікті бекіту орталықтарын құруды тапсырды.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі, ауылдық жерлерден және аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан жастардың жол жүруі мен өмір сүруін субсидиялау, жатақханалар желісін дамыту тетіктері арқылы білім берудің қолжетімділігін кеңейту, жұмыс істейтін жастар үшін жұмыстан қол үзбей арнаулы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету - Елбасының Үкіметтің алдына қойған тағы бір маңызды міндеті.
2012 жылы Үкімет мектеп оқушыларының функциялық сауаттылығын дамыту жөнінен бесжылдық Ұлттық іс-қимылдар жоспарын қабылдайды.
«Біздің еліміз алдағы бірнеше жылға жасаған сарабдал стратегиялмен өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басып отыр. Еліміздің барлық халқы азаматтарымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған даму міндеттерін нақты түсініп отыр. Елбасы алдымызға қойып отырған міндеттерді жұзеге асыруға барлығымыз күш саламыз деп сенемін», деп түйіндеді өз сөзін министрі Бақытжан Жұмағұлов бүгін алматылық оқу орындарының студенттерімен және оқытушыларымен болған кездесуде.