2012 жылы қазақстандық ғылымды дамытуға 42 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр - Б.Жұмағұлов

ТАНА. 24 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - 2012 жылы Қазақстанда ғылымды дамытуға 42 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін дипломатиялық миссиялар, халықаралық ұйымдар және бизнес-құрылым өкілдерімен кеңес өткізген ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.
None
None

Министр атап көрсеткендей, Қазақстанның ғылымында ауқымды өзгерістер жасалды. Ел Президенті Н.Назарбаевтың ғылым саласын басқарудың жаңа үлгісі заңнамалық түрде бекітілді. Онда екі бағыт айқындалған. Біріншіден, зерттеулер мен оларды қаржыландыру туралы шешімдерді қабыдауға ғалымдардың өздерін тарту қарастырылған. Екіншіден, ғылымды қаржыландырудың - базалық және гранттық - жаңа тетіктері енгізілді.

«Жалпы алғанда ғылымды қаржыландыру көлемі айтарлықтай артып келеді. Мәселен, 2011 жылы ол 29 млрд. теңгені құраса, 2012 жылға 42 млрд. теңге (өсім 46 пайыз) бөлу көзделіп отыр», - деді Б.Жұмағұлов.

Сондай-ақ ведомство басшысы атап көрсеткендей, Елбасының тапсырмасы бойынша БҒМ әлемдік ғылыми ақпараттық ресурстарға қолжетімдікті қамтамасыз ететін Thomson Reuters (АҚШ) компаниясының Ұлттық лицензиясына қол қойды.

«Бұл қазақстандық ғылым деңгейін көтеру үшін аса маңызды. Тағы бір маңызды бағыт - Қазақстан Мемлекеттік үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыра бастауы. Сондықтан, енді біздің ғылым жетістіктерді іс жүзінде іске асыруға, инновацияларды дамытуға бағдарланып отыр. Бүгінде ондаған инновациялық жоба іріктеп алынды. Елде ғылыми зерттеулердің нәтижесін қаржыландыратын орталықтар ашылды», - деп түйіндеді министр.

Соңғы жаңалықтар