2012 жылы ҮЕҰ-дың әлеуметтік маңызды жобаларын қаржыландыруға елордалық бюджеттен 38 млн. 100 мың теңге бөлінді - Б. Тілепов

АСТАНА. 31 қазан. ҚазАқпарат - Биыл Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік маңызды жобаларын қаржыландыруға елордалық бюджеттен 38 млн. 100 мың теңге бөлінді. Бүгінде осы ұйымдармен бірге 19 жоба іске асырылуда, сондай-ақ мемлекеттік жастар саясаты желісі бойынша тағы 30 жоба қолға алынған.

2012 жылы ҮЕҰ-дың әлеуметтік маңызды жобаларын қаржыландыруға елордалық бюджеттен 38 млн. 100 мың теңге бөлінді - Б. Тілепов

Бұл туралы бүгін Астанадағы «Қазақстан» орталық концерттік залында өткен Үкіметтік емес ұйымдардың қалалық форумында Астана қаласы ішкі саясат басқармасының бастығы Болат Тілепов айтты.

Оның айтуынша, үкіметтік емес ұйымдар азаматтық бастама таныта отырып, түрлі саладағы әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге ерікті түрде белсенді араласады. «Егер ҮЕҰ тым болмағанда бір азаматқа немесе бір отбасыға көмектесе алған болса, онда біздің еңбегіміздің жемісті болғаны деген сөз», - дейді ол.

«Жалпы айтқанда, осының алдында өткен форум қала басшылығы мен ҮЕҰ арасында әріптестік қарым-қатынастың орнауына үлкен септігін тигізді. Әлеуметтік маңызы бар мәселелерді бірігіп шешу жұмыстары әріптестіктің ең негізгі тірегі ретінде қала бермек», - дей келе, Б. Тілепов  бүгінгі форумның күн тәртібінде тұрған мәселелердің көп екенін, солардың бірі ҮЕҰ қатысатын конкурстық процедуралардың күннен күнге үкіметтік емес ұйымдардың дамуына кері есер етіп келе жатқандығын айтты.

«Конкурстарда жеңімпаз болып танылған қоғамдық бірлестіктердің барлығы дерлік алғашқы төлемдерін алмаған. Көптеген ҮЕҰ-дың қызметі мемлекеттік тапсырыстарды орындауға арналған, алайда олардың көбінде активтері жоқ. Басы артық қаражаттары туралы айтудың өзі артық. Сондықтан мемлекеттің әлеуметтік тапсырыстарын орындаушыларға арналған қаржылық талаптарды қайта қарау кезек күттірмейтін мәселе. Бұл олқылықтар әлеуметтік маңызы бар жобаларды ойдағыдай орындауға едәуір кесірін тигізіп келеді», - деді Б. Тілепов.   

Аталған форум Астана қаласының ішкі саясат басқармасы мен «ҮЕҰ қолдау Орталығы - Астана» жеке қорының ұйымдастыруымен өткізілді.

Шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің, Астана қалалық мәслихатының депутаттары мен ҮЕҰ өкілдері қатысты.