2013-2014 жылдары Есіл ауданында 1 700 орындық 3 автотұрақ салынады
АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат - Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге байланысты елорданың Есіл ауданы аумағында жалпы сыйымдылығы 1700 автомобильге арналған үш паркинг салу жоспарланған.
Astana.kz сайтының хабарлауынша, бұл туралы аудан әкімі Сәбила Мұстафина еңбек ұжымдарымен және халықпен есеп беру кездесуінде мәлім етті.
Бір 600 орындық автотұрақ Орынбор көшесі бойындағы Жоғарғы соттың маңында орналасады. Екіншісі - Қабанбай батыр даңғылы бойындағы Көлік министрлігінің ғимараты жанынан салынады. Оның да сыйымдылығы 600 орындық. Үшінші паркинг 500 орындық, Достық көшесі бойындағы Қорғаныс министрлігінің ғимараты төңірегінен жоспарлануда. Әкімнің айтуынша, жобалар 2013-2014 жылдары жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, ЭКСПО өткізу үшін көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында Есіл ауданында жалпы ұзындығы 13,7 шақырым көшелерді кеңейтіп, ұзарту жобалары қолға алынған.
Бұған қоса, Сәбила Мұстафина «Хан шатыр» СОО маңында, Сығанақ көшесі бойындағы «Қазақстан» ОКЗ мен Бас прокуратура ғимараттары аумағында жаяу жүргіншілер өтпелерін салу жоспарларын да баяндады. Оның айтуынша, осы аталған жобалар бойынша көлік қозғалысын тоқтатпай, тоннель салу әдісімен құрылыстың жаңа технологиясы қарастырылуда.