2013 жыл Астана үшін толайым табыстар мен жемісті жеңістер жылы болды

Жуырда ғана тойланған Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің құттықтау сөзінде еліміздің тәуелсіздік жылдарында алған асуларын атай келіп, Тәуелсіз Қазақстанның жеті қазынасын атады. Солардың ішінде Астананы да ерекше айтып өтті.
«Алтыншы қазына: еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің бойтұмары, әсем қаламыз - Астана.
Бүгінде Астана - мемлекет қуатының архитектуралық жүзеге асуы. Оның жаңа орамдарында, алаңдарында, саябақтары мен сәулеткерлік шедеврлерінде біздің Тәуелсіздігіміздің Ұлы Тарихы айнадағыдай көрінеді. Сондықтан Астанаға деген сүйіспеншілік - әрбір қазақстандықтың біздің ортақ Отанымыз - Қазақстан Республикасына перзенттік сезімі. Бұл Жаңа Қазақстандық Патриотизмнің альфасы мен омегасы», - деді ол.
Ал қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов те жылды қорытындылай келе, биыл Астана үшін жағымды жыл болғанын айта кетті. «Жалпы 2013 жыл Астанамыз үшін табысы толайым, экономикасы үшін оңтайлы, әлеуметі үшін қолайлы жыл болды. Осылайша Елордамыз өз дамуының 15 жылдық межесінен беделі мен қуаты асқан, тұтас елдің дамуына өз үлесін қосқан жасампаз қала ретінде асып отыр», - деп атап өтті әкім.
Ең бастысы, Астана биыл өзінің 15 жылдығын тойлады. Қазақтың «Болар елдің баласы он бесінде баспын дер, болмас елдің баласы отызында жаспын дер» дегеніндей, биыл Астана кәмелетке келіп, ат жалын тартып мініп, Қазақстанның ұлан-ғайыр даласына бас болып, алға сүйрейтін үлкен күшке айналды. Бұл той ел аумағында жаппай тойланып, қазақстандықтардың мақтаныш сезімін тағы бір биікке көтеріп тастады. Ертедегідей отыз күн ойын, қырық күн тойын жасаған нағыз ұлан-асыр мереке болды. Қала көшелері мәз-мейрам халыққа толып, олар түрлі шараларды тамашалап, рухани ләззат алды. Мәселен, «Хан Шатырдың» қасында өткен «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпелілер өркениетінің фестивалі, «Бәйтеректің» түбіндегі «Шаттық» жас таланттар фестивалі, қалалық алаңдағы «Астана-Самалы» үрмелі аспаптар оркестрлерінің халықаралық фестивалі, «Азия жаңғырығы» цирк өнерінің халықаралық фестивалі, «Астана-Арқау» түркі музыкасы фестивалі, «International street dance session» in Astana» фестивалі, «Жұлдыздармен жол бойында» салтанатты шеруі, «Шуақты қала» атты Астана күніне арналған мерекелік шеру, Есілдің жағасындағы «Өзен әуендері» классикалық музыка кештері және тағы да басқа көптеген шаралар көпшіліктің жадында жақсы әсерлер қалдырды.
Естеріңізде болса, Елордамызда көктем кезінде ХІ Еуразиялық медиа форум (ЕМФ) болып өтті. Оған ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтан бастап халықаралық дәрежедегі аузы дуалы сарапшылар қатысып, Еуразиялық экономикалық одақтың келешегі жайында пікір таластырып, Кеден одағының алғашқы жылдарының қорытындысы туралы әңгіме өрбітті. Сондай-ақ, Еуропалық одақтың тәжірибелері сараланды. Қатысушылар Еуроаймақтағы түйіткілдерден бастап, Кипрдағы қаржы дағдарысына салиқалы талдау жасайды.
Бұдан бөлек, ақпараттық қауіпсіздік мәселелері, ХХІ ғасырдағы медиа бағыттар жайлы әңгіме де өз өрісін тапты.
Сондай-ақ, Астанада биыл фотожурналистердің бүкіләлемдік байқауы жеңімпаздарының көрмесі ашылды. Экспозиция халықаралық адам құқығын қорғау күнін мерекелеуге арналған. Орталық Азияда ол бірінші рет таныстырылды. Бұл көрмеге шамамен 150 жеңімпаздың жұмысы енген. Аталмыш шығармалар 2012 жыл ішіндегі әлемде болған басты оқиғалардан хабардар етеді.
Бұл жыл сайын өтетін фотожурналистиканың ең танымал байқауы, ол өз ісінің нағыз шеберлерін анықтайды. Жыл сайын тәуелсіз сарапшылар үміткерлердің жұмыстарын 9 түрлі санат бойынша бағалайды. Мұнда әлемнің түкпір-түкпіріндегі агенттіктер, газеттер мен журналдар, фотожурналистер өз шығармаларын ұсынады. Биылғы жылы төрешілер әлемнің 124 елінен 5 мың фотосуретшінің 103 мыңнан астам фотосуретін екшеуден өткізді.
Ал денсаулық сақтау саласына келер болсақ, өтіп бара жатқан жыл Астана үшін тағы да көптеген жетістіктерге толы болды. Мәселен, Астанада алғаш рет балаға бауыр ауыстырып салу отасы жасалғанын айта кетуге болады. ҚазАқпарат агенттігі бұған дейін хабарлағандай, 1 қараша күні Астанада Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығының базасында балаға тірі донордан бауыр ауыстырып салу отасы жасалды.
Мұндай күрделі ота Қазақстанда алғаш рет қолға алынды. Орталық мамандары беларусьтік әріптестерімен бірлесіп 12 сағат бойы донордың бауырының жартысын Павлодар облысының 6 жасар тұрғыны Илья Панихинге трансплантациялауды жүзеге асырды. Соңғы жылдары бала бауыр жетіспеушілігімен ауырып, бауыр циррозына шалдыққан. Донор - Ильяның 32 жасар нағашы апасы. Бала бір ай бойы қарқынды терапия палатасында жатты. Бүгінгі таңда оның денсаулығы тұрақтанып, бөлімге ауыстырылды. Донор операциядан кейін екі апта өткен соң амбулаториялық емдеуге жіберілді. Сөйтіп, Илья мен оның туған-туысқандары 2014 жаңа жылды қуаныш-шаттықта қарсы алуға мүмкіндік туды.
Сондай-ақ, Елордада ми қан тамырларын емдеудің инновациялық әдісі енгізіліп, 10 науқас аталған індетінен жазылды. Бұл әдіс өтіп бара жатқан жылдың шілде айында №1 қалалық аурухананың интервенциялық рентгенхирургия бөлімшесінің хирургтарымен енгізілген. Ол ми қан тамырларының аневризмасын микроспиральдермен эмболизациялауды емдеуге көмектеседі. Еске сала кетейік, бүгінгі таңда инновациялық әдісті енгізудің және №1 қалалық аурухананың рентгенхирургтарының жоғары кәсіпқойлығының, клиниканың қазіргі заманғы қондырғылармен жабдықталуының арқасында он пациенттің ми аневризмасының жарылуына және оның асқынуына жол берілген жоқ. Сөйтіп, олар да ақ халатты абзал жандардың арқасында жаңа жылды отбасыларының ортасында қарсы алу бақытына ие болды.
2013 жыл Астана үшін мәдени жаңалықтарымен де сәтті болды деп айтуға толық негіз бар. Неге десеңіздер, дәл биыл «Астана-Опера» мемлекеттік опера және балет театры ашылып, Қазақстандағы осынау бір ұлы өнердің даму қарқыны тағы бір сатыға көтерілді. Кезінде қазақ еліне опера мен балет сынды ілкі өнерді әкелген Күләштар мен Шаралардың армандары орындалды. Театрдың ашылу салтанатына әлемнің түкпір-түкпірінен өнер майталмандары жиналып, Астананың қақ төрінен орын алған осынау бір ғажайып ғимаратқа тамсана таңдай қақты. «Аттила» операсының қойылымы тек қазақстандық емес, халықаралық опера өнеріндегі маңызды оқиға ретінде театрдың әлемдік премьерасын паш етті. Қойылымға әлемдік деңгейдегі өнер жұлдыздары атсалысты. Оның музыкалық жетекшісі және дирижері - Валерий Гергиев, қоюшы-режиссері - Пьер Луиджи Пицци.
Аттила партиясын орындаушы - Ильдар Абдразақов (Ресей), Одабелланы орындаған - Анна Маркарова (Ресей), Эцио мен Форестоны орындаушылар - Клаудио Сгура мен Лучано Ганчи (Италия).
«Астана Опера» ауқымдылығы жөнінен әлемде үшінші опера театры болып саналады, оны Италия, Германия, Швейцария, Чехия шеберлері салған. Соңғы техника жетістіктері қолданылып салынған ғимарат өз сахнасында кез келген күрделі спектакль қойылымын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Ал жылдың соңына қарай Астанаға байланысты тағы бір қуанышты жаңалықтың куәгері болдық. Астана Азиядағы туризм қаласы мәртебесіне үміткер болыпты! ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Марат Иғалиев Бахрейннің Манила қаласында өткен 12-ші Азиялық диалог кездесуіне қатысу барысында «Азиялық туризмді дамыту тұжырымдамасы» қабылданды. Тұжырымдаманың негізгі бөлімі Азиядағы туризм қаласын таңдауға арналып отыр.
Азиядағы туризм қаласы дәрежесін қай қалаға беру керектігін әр елдер бір жыл бұрын талқылайтын болады. Азияның 30-дан астам қалалары ішінен таңдалған шаһар белсенді түрде жарнамаланып, туризм саласында алға жылжытылатын болады.
2014 жылғы Азиядағы туризм қаласы болып Бахрейн астанасы Манила қаласы таңдалды. Осы басқосуда Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Марат Иғалиев болашақта Қазақстан астанасы да Азиядағы туризм қаласы дәрежесін алу үшін барлық күшін салатынын мәлім етті.
Міне, 2013 жыл Елордамыз - Астанаға осындай тартулар ұсынды. Бұл әрине, биыл Астана жеткен жетістіктердің біз қағазға түсірген бір парасы ғана. Енді есік қағып тұрған 2014 жылдан да құт-береке мен шат-шадыман мереке күтеміз. Жаңа жылдарыңыз құтты болсын, құрметті оқырман қауым!