2013 жылдан бастап дене тәрбиесі және спорт мамандықтары бойынша грант саны ұлғайтылады

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында 2017 жылғы 28-ші қысқы Бүкіләлемдік универсиадаға дайындық бойынша баяндама жасау кезінде Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.
«Біз жоғары оқу орындарының да спорттық базасын барынша дамытамыз. Бұған біздің министрлік жауапты. Жоғары оқу орындарының ректорларына өз нысандарының базасында балалар мен жасөспірімдердің спорт текцияларын құру мәселесін қарау тапсырылды», -деді ведомство басшысы.
Бұдан бөлек ол қысқы спорт түрлері бойынша дайындық деңгейін арттыру мәселесіне тоқтала келе, мектеп және колледж оқушылары үшін спартакиадалар тұрақты түрде өткізілетіндігін жеткізді. Спартакиада нәтижесі Қазақстандағы унивесиада - 2017 бағдарламасына кірген 12 қысқы спорт түрінен шаңғы жарысы, коньки тебу спорты, шайбалы хоккей, шорт-тректің дамығанын көрсеткен. Олар Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында кеңінен өріс алып отыр.
Сонымен қатар министр еліміз бойынша жақсы дамыған спорт түрлері - биатлон, фристайл, тау шаңғысы, трамплин, сноуборд, мәнерлеп сырғанау екендігін атап өтті. Ал, керлинг мүлде дамымаған екен.