2013 жылдан бастап лиценциялардың барлық түрлері электрондық үлгіде болады - салық инспекторы Оксана Жансейітова
Алматы қалалық салық департаментінің алкогольдік және акциздік өнімдерді әкімшілендіру бөлімінің жетекші салық инспекторы Оксана Жансейітованың айтуынша, өз құқығын жетік білмеудің салдарынан сенім хат арқылы делдалдардың көмегіне жүгінушілер көп. Олардың арасында өздеріне сенім білдірген азаматтардың ғана емес мемлекеттік қызмет мекемелерінің қызметкерлерінің және онда кезекте тұрған өзге азаматтардың да уақытын алатындар бар.
Елбасының халыққа арнаған биылғы Жолдауында: «2012 жылдың аяғына дейін әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтердің 60 пайызы, соның ішінде лицензиялардың барлық түрлері, тек қана электронды түрде болуға тиіс. 2013 жылдан бастап мемлекеттен барлық рұқсат етушілік құжаттарды да қазақстандықтар электронды түрде немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы алуға тиіс», - деген болатын.
Оксана Олегқызының сөзіне қарағанда, лицензия алуда кәсіпкерлерге делдалдардың еш қажеті жоқ. Биыл алкогольді өнімдерге лицензия беру кезінде талап етілетін құжаттар саны азайтылып, бұл рәсім айтарлықтай жеңілдетілді. Жеке және заңды тұлғаларға қойылатын талап бірдей. Мәселен жеке кәсіпкерге оның есепте тұрғаны туралы куәлігі, салық төлеу нөмірі, жеке куәлігі, кассалық аппаратының тіркеу карточкасы мен егер нысанды жалға алатын болса бұл келісімнің көшірмесі қажет.