2013 жылдан бастап парниктік газ квоталарының ішкі сауда жүйесі енгізіледі - Үкімет сағаты
АСТАНА. 11 маусым. ҚазАқпарат - Қоршаған ортаны қорғау министрлігі 2013 жылдан бастап парниктік газ квоталарының ішкі сауда жүйесін енгізеді.
Бұл туралы бүгін Мәжілісте еліміздің экоологиялық мәселелеріне арналған Үкімет сағатында Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров мәлім етті.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта парниктік газдардың квоталары жүйесіне бағытталған жұмыстардың инфрақұрылымын қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Қазіргі күні квоталармен сауда жасауға қатысатын ірі кәсіпорындар арасында парниктік газдар квоталарын бөлудің ұлттық жоспары пысықталып жатыр. Жалпы алғанда қолға алып жатқан аталмыш квоталармен сауда жасау алаңы ТМД аумағындағы тұңғыш алаң болып табылады», - дейді министр. Бұдан бөлек, ведомство басшысы өңірлік экологиялық проблемаларды шешу үшін түрлі облыстардың әкімдіктерімен жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлім етті. «Мысалы, «2010 - 2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» салалық бағдарламасы» іске асырылуда. Атап айтсақ, бағдарлама шеңберінде қолға алынған 16 жобаның 11 жобасы аяқталды. Оның ішінде Ақтөбе, Орал, Ақтау, Жаңаөзен, Бейнеу, Құрық қалаларындағы, Шығыс Қазақстан облысының Тұғыл кентіндегі кәріздік тазарту құрылыстарын салу және қайта құру жобалары аяқталды», - дейді Н. Қаппаров.