2013 жылдан бастап жылжымайтын мүлікке құқықты электрондық тіркеу енгізіледі

АСТАНА.  1 қазан. ҚазАқпарат - 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап жылжымайтын мүлікке құқықты электрондық тіркеу енгізілетін болады.

2013 жылдан бастап жылжымайтын мүлікке құқықты электрондық тіркеу енгізіледі

Бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында баяндама жасаған Әділет министрі Берік Имашев осылай мәлім етті.  

Министрдің айтуынша, электрондық формат құқықты тіркеуді бір күннің ішінде жүзеге асыруға мүмкіндік туғызады.  «Сонымен қатар, алдағы уақытта заңды тұлғаларды тіркеумен қоса, оларды жою немесе тарату үдерістері де оңайлатылады. Бұл ретте біз жаңа заң жобасын әзірлеп жатырмыз. Ондағы басты жаңалық - шағын бизнесті тіркеу туралы ескертпені Интернет арқылы беру нормасы енгізіледі. Осылайша, бизнес өкілдері үшін бір күннің ішінде дерлік өз ісін ашуға мүмкіндіктер туады», - дейді Б. Имашев.

Сонымен қатар, министр азаматтық хал актілерін тіркеу үдерістері де оңтайланатынын атап өтті. Мәселен, ағымдағы жылы құжаттарды растау туралы өтініш электрондық нұсқада да қабылдана бастаған. «Мемлекеттік қызметтер көрсету барысында жұртшылықтан талап етілетін құжаттар санын одан әрі қысқарту да жалғасуда. Егер бұған дейін жұртшылық әділет органдарына 4-5 құжатқа дейін көрсетулері тиіс болатын болса, қазір олардың тізбегі 2-1 құжатқа дейін қысқарды. Ағымдағы жыл басынан бері «АХАЖ «Е-Мұрағат» құру бойынша жұмыстар басталды. Соған сәйкес, 2007 жылға дейін АХАЖ мұрағатында сақталған барлық құжат электрондық форматқа ауыстырылады», - деді ведомство басшысы.