2013 жылдың 7 айында Республикалық санитариялық авиация орталығы 1000-нан астам медициналық қызмет көрсетті

АСТАНА. 9 қыркүйек. ҚазАқпарат - 2013 жылдың 7 айында Республикалық санитариялық авиация орталығының ұтқыр бригадасы 718 рет ұшырылым жасап, 900-ден астам науқасқа 1000-нан астам медициналық қызмет көрсетті. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

2013 жылдың 7 айында Республикалық санитариялық авиация орталығы 1000-нан астам медициналық қызмет көрсетті

Соңғы жылдары медициналық көмек көрсету жүйесіндегі негізгі басымдықтар - жүкті және босанған әйелдер, денсаулықтарына қауіп төніп тұрған нәрестелер болып табылатындықтан, санитарлық қызмет көрсетуде де алғашқы орында акушерлік тәжірибедегі жедел жағдай болып отыр: аталған мерзімде мұндай 200 (22%) жағдай тіркелсе, одан кейінгі орындарда зақымданулар, оның ішінде жол-көлік апаттары, уланулар мен жараланулар - 184 (20%), нәрестелер патологиясы - 170 (18%), қан айналым жүйесі аурулары 156 (16%) және т.б. алады.

Қазіргі таңда Қазақстанның барлық аумақтары медициналық құрылғылармен жабдықталған санитариялық авиация қызметінің тасымал құралдарымен толық қамтылған (5 тік ұшақ, 11 ұшақ). Облыстық ауруханалар, көп бейінді ауруханалар және облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы негізінде санитариялық авиация қызметі бойынша 15 үйлестіруші жұмыс жасайды.

Санитариялық авиацияның медициналық қызметтері 3 түрде ұсынылады - сол орында медициналық қызмет көрсету (оның ішінде операциялар), кеңес беру және науқастарды тасымалдау. Медициналық қызметтің соңғы түрі алғашқы орында - 619, сосын кеңес беру тұр - 308, ал 75 науқасқа операция жасалған.

Санитариялық авиация қызметін дамыту мақсатында 2013 жылғы маусымда Республикалық санитариялық авиация орталығы мен Hemogens pharma health care компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл компания жедел медициналық көмек көрсетуде және Түркияда санитариялық авиация нысанында көмек көрсетуде мол тәжірибеге ие. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары: санитариялық авиация қызметінің медициналық және басқарма қызметкерлерін оқыту бойынша бағдарламаларды ұйымдастыру және өткізу; санитариялық авиация аумағында ғылыми семинарлар, кеңестер және басқа да іс-шаралар ұйымдастыру болып отыр.