2013 жылдың І тоқсанында «Тобыл-Көкшетау-Астана» газ құбырының құрылысы басталады

АСТАНА. 20 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстанның орталық өңірлеріне газ жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында «Тобыл-Көкшетау-Астана» газ құбырын тарту жобасы іске асырыла бастады, деп хабарлады Мұнай және газ министрлігінің баспасөз қызметінен pm.kz сайтына.

2013 жылдың І тоқсанында «Тобыл-Көкшетау-Астана» газ құбырының құрылысы басталады

«Еліміздің орталық өңірлеріне және Астана қаласына «көгілдір отынның» жеткізілуін қамтамасыз ететін «Тобыл-Көкшетау-Астана» магистральдық газ құбырының құрылысы шамамен 2013 жылдың І тоқсанының соңына қарай басталады», - делінген министрліктің хабарламасында.

Қазір дайындық және ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Астана мен Көкшетау үшін қажетті газ тарату стансаларының құрылысын бастау жоспарланып отыр.

«Магистральдық құбырдың бойындағы елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету мақсатында газ тарату желілерін дамыту ісі өңірлік жергілікті атқарушы органдар әзірлейтін өңірлік даму бағдарламаларына немесе облыстарды газдандыру бағдарламаларына байланысты болады», - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметінен.

Газ құбырының жобалық қуаты жылына 6 млрд. текшеметрді шамалайтын болады және ол магистральдың бойындағы тұтынушылардың барлық санатын қамтиды.

Естеріңізге сала кетейік, Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында еліміздің орталық өңірлерін, оның ішінде елорданы да газбен қамтамасыз ететін құбыр желісін тарту туралы тапсырма берген болатын.