2013 жылдың І жартыжылдығында Қазақстанда 400 тонна сапасыз азық-түлік сатылымнан шығарылған - санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау

АСТАНА. 5 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында 400 тоннаға жуық сапасыз азық-түлік өнімі анықталып, жойылды, деп мәлім етті ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихаты барысында. Бұл туралы www.primeminister.kz сайты хабарлады.

2013 жылдың І жартыжылдығында Қазақстанда 400 тонна сапасыз азық-түлік сатылымнан шығарылған - санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау

«Біз Қазақстанға әкелінетін және осында өндірілетін өнімдерге тұрақты мониторинг жүргізіп тұрамыз. Мониторинг барысында үстіміздегі жылдың жартыжылдығының қортындысы бойынша 400 тонна азық-түлік саудадан алынып тасталып, жойылды. Негізінен бұл микробиологиялық көрсеткіштер бойынша санитарлық нормаларға сәйкес келмеген, сапасын растайтын құжаттары жоқ азық-түліктер», - деді еліміздің бас санитарлық дәрігері.

Сонымен қатар, ол бүгінгі таңда еліміздің санитарлық-эпидемиологиялық қызметі барлық қажетті инфрақұрылымға және азық-түліктің сапасын анықтайтын, бұрмаланған өнімдерді табатын құрал-жабдықтарға ие екенін атап өтті.

Ж.Бекшин айтып өткендей, «бұл функция өз зертханалары мен кадрлық құрамын сақтап қалған жағдайда санитарлық-эпидемиологиялық қызметке жүктелуі мүмкін».

«Бұл жұмыс елімізде әлі жүргізілген жоқ... Оған қоса, Қазақстанның ішкі нарығына бұрмаланған ет және сүт өнімдерінің келуімен жағдай қиындап кетті. Азық-түліктерге арзан толтырғыштар мен алмастырғыштар қосылады. Бұл бағыттағы жұмыс келесі жылдан басталады», - деп толықтырды ол.

Санитарлық-эпидемиологиялық жүйеде 4,5 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер, ғылыми орталықтардың, зертханалардың және обаға қарсы дезинфекциялық қызметтердің 10 мыңға жуық маманы жұмыс жасайды. Қызметте 100-ге жуық бірлік заманауи зертханалық құрал-жабдық бар, олар ГМО диагностикалауға және азық-түліктерді радиациялық зарарсыздандыру жүргізуге мүмкіндік береді.