2013 жылдың соңына қарай Ауыл шаруашылығы министрлігі толық автоматтандырылады
АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - «Агроөнеркәсіптік кешен-Тұғырнама» жобасының арқасында 2013 жылдың соңына қарай ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі толық автоматтандырылатын болады,
деп хабарлады pm.kz сайты ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі «Агроөнеркәсіптік кешен саласында біртұтас ақпараттық кеңістікке электрондық-ақпараттық ресурстарды, жүйелер мен ақпараттық-телекоммуникациялық желілерді дамыту» («АӨК-Тұғырнама») жобасын әзірлеп, оның техникалық-экономикалық негіздемесін келісіп отыр. Осы жобаның аясында, облыстық және аудандық деңгейлерді қоса есептегенде, 6011 автоматтандырылған жұмыс орнын құру қарастырылуда»,- делінген ведомство хабарламасында.
Яғни, жобаны іске асырудың нәтижесінде 2013 жылдың соңына қарай Ауыл шаруашылығы министрлігі мен оның барлық деңгейдегі аумақтық бөлімдері толық автоматтандырылмақ.
Оған қоса, несиелік-лизингтік қызметті басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу жобасы да іске асырылуда. Жүргізілген талдау жұмыстарының қорытындысы бойынша «ҚазАгроҚаржы» АҚ несиелік-лизингтік қызметті Oracle компаниясының CRM базасының негізінде автоматтандыруды бағдарламалық қамтамасыз ету туралы шешім қабылдап отыр.
Бұл жүйе бөлім қызметкерлерінің өздеріне тапсырылған жұмыстарды мерзімінде орындауларын бақылауды, жоба бойынша барлық қорытындыларды, сондай-ақ жоба бойынша келісілген жұмысты қамтамасыз етеді.