2013 жылға қарай Қазақстан судьялары өмір бойы мемлекеттік қамтамасыз етуге қол жеткізуі мүмкін - Б. Бекназаров

АСТАНА. 8 қыркүйек. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - 2013 жылға қарай Қазақстан судьялары өмір бойы мемлекеттік қамтамасыз етуге қол жеткізуі мүмкін. Бұл туралы бүгін елордада Жоғарғы Сот төрағасы Бектас Бекназаров мәлім етті.

2013 жылға қарай Қазақстан судьялары өмір бойы мемлекеттік қамтамасыз етуге қол жеткізуі мүмкін - Б. Бекназаров

Жоғарғы Сот төрағасының айтуынша, судьяларды мемлекет тарапынан қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар көп жылдардан бері ел билігіне жолданып келген. Алайда сот жүйесі қызметкерлерінің аталған «қолқасы» осы уақытқа дейін кері қайтарылып отырды.

«Биыл осы мәселеде алғашқы жемісті қадам жасалды. Мені 31 мамыр күні Елбасы қабылдағанда, осы сауалды сол кісінің алдына қойған болатынмын. Мен Мемлекет Басшысына аталған мәселе оң шешілуі тиіс екендігіндігін айттым және Президент резолюцияда иә, Қазақстан судьяларын өмірлік қамтамасыз етуге көшуді кезең-кезеңімен жүргізу қажет, деп атап көрсеткен болатын. Үкіметке тапсырма берілді, қазір есептеулер жасалуда, жұмыс басталып кетті», - деді Б. Бекназаров.

Б. Бекназаровтың айтуынша, отандық сот жүйесінің ардагерлері басталған істің соңын 2013 жылға қарай көріп қалуы ғажап емес. «Меніңше, біз судьялардың өмір бойы қамтамасыз етілуіне көп дегенде 1-2 жылдан соң қол жеткіземіз», - деп түйді сөзін төраға.