2013 жылға қарай науқастардың медициналық картасы электронды түрде жүргізіледі - ҚР ДСМ
Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстанның денсаулық сақтау саласын реформалауға бағытталған жобаның 2010 жылғы қорытындысына арналған дөңгелек үстел отырысында Денсаулық сақтау министрлігі Стратегиялық даму департаментінің директоры Болат Төкежанов айтты.
Б.Төкежанов мәлім еткендей, жоба 2008-2013 жылдарға есептелген және оны жүзеге асыруға Дүниежүзілік банктен 117 млн. доллар көлемінде заем тартылды. 2009-2010 жылдары бұл соманың 4827 млн. теңгесі игерілді. 11 829 адам білімін жетілдірді. Тағы 365 маман біліктіліктерін шет елдерде көтеріп қайтса, 4-уі әлемнің үздік ЖОО-ларының магистратурасында білім алуда.
«Жобаның алғашқы мақсаты - денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды жетілдіру, дәрігерлер мен орта буын қызметкерлердің білімі мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, сондай-ақ зертханалар мен фармацевтикалық жүйені заманауиландыру болып табылады", - деп атап өтті ол.
Бүгінгі күнге дейін жоба шеңберінде Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін жүзеге асыру үшін медициналық мекемелердің сапасына баға беретін - Аккредиттеу орталығы ашылды. Одан бөлек, Дәрілік-ақпарат орталығы, халықаралық консультациялық компаниялармен бірлесіп жұмыс істейтін ресурстық орталық пен Кодекс Алиментариус тобы құрылды, сондай-ақ Стандарттау және медициналық технологияларды бағалау орталығының жұмысы күшейтілді, Медицина білімі мен ғылымының инновациялық технологиялар республикалық орталығының қызметі өрістетілді.
«Қаржының 80 пайызға жуығы денсаулық сақтау саласын ақпараттандыру жүйесіне бағытталады. Жүйе - дәрігердің еңбегін жеңілдетуға бағытталған. Онда біріншіден, науқастың туылғаннан қазіргі күнге дейінгі электронды картасы толық сақталады. Онымен бірге, емдеу-диагностикалық үрдістер автоматтандырылады. Қазір деректер базасы бір зертханадан екіншісіне механикалық түрде тасымалданады. Нәтижесінде дәрігер қағаз бастылықтан арылып, емдеуге көп уақыт бөлетін болады», - деді Департамент бастығы.
Б.Төкежановтың сөзіне қарағанда, жоба 2010-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын толықтырып, оңтайлы жүзеге асуы үшін қолға алынды.