2013 жылғы тұрғын үй құрылысы бойынша 6,8 млн. шаршы метр деңгейіндегі жоспар орындалуы тиіс - ҚР Премьер-Министрі
АСТАНА. 2 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру, құрылыс индустриясын дамыту және егін орағын сапалы өткізу мәселелері бойынша селекторлық режимде кеңес өткізді, деп хабарлайды primeminister.kz.
«Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы ҚР өңірлік даму вице-министрі Серік Нокин баяндады.
«Үстіміздегі жылдың 6 айында барлық қаржыландыру көздері бойынша 3 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл жылдық жоспардың 46%. Жалпы берілген тұрғын үйдің 60% немесе 1,8 млн. шаршы метрі ИТҚ үлесіне тиеді», - деді С.Нокин.
Оның сөзіне қарағанда кезекте тұрғандар үшін жалдамалы тұрғын үй құрылысына 2013 жылы 17,5 млрд. теңге қарастырылған.
«Егер бұрын жылына 2-2,5 мың пәтер салынса, биыл жалпы аумағы 285 мың. шаршы метр көлеміндегі 4 мың пәтер тұрғызу жоспарлануда.
Нақтысында жарты жылдың қорытындысы бойынша пайдалану аумағы 38,4 мың. шаршы метр 632 жалдамалы пәтер пайдалануға берілді, бұл жылдық жоспардың 13%. Әкімдіктердің мәліметтері бойынша үшінші және төртінші тоқсандарда пәтерлердің негізгі бөлігін пайдалануға беру көзделіп отыр», - деді С.Нокин.
Жас отбасылар үшін жалдамалы тұрғын үй құрылысына 2013 жылы 10 млрд. теңге қарастырылған. 117 мың. шаршы метр құрылыс салу жоспарланған, 6 айда 19,3 мың шаршы метр аумақты құрайтын 314 пәтер салынды. Бұл жоспарланған құрылыстың 17% құрайды. Мұнда да пәтерлердің негізгі бөлігін пайдалануға беру осы жылдың үшінші және төртінші тоқсандарына жоспарланып отыр.
Тұрғын үй құрылыс жинақ желісі бойынша 2013 жылы 451,5 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Есептік кезеңде 80 мың шаршы метр немесе 1200 пәтер тұрғызылды. Бұл мақсатқа ағымдағы жылы 30,1 млрд. теңге қарастырылған.
«2013 жылы бағдарламамен 6,6 млн. шаршы метр көлемде тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Алайда, біз бұл межені өткен жылғы 6,8 млн. шаршы метр деңгейден түсірмеу мүмкіндігі бар деп есептейміз», - деді вице-министр.
Сондай-ақ, бұл мәселелер бойынша «Тұрғын үй құрылыс банкі» АҚ басқарма төрайымы Н.Наурызбаева, «ҚТҚК» АҚ басшысы К.Айтекенов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Д.Ердебай, сондай-ақ бірқатар облыстардың әкімдері сөйледі. Құрылыс индустриясын дамыту мәселелері бойынша ҚР Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі А.Рау баяндады.
«2013 жылғы 6,8 млн. шаршы метр деңгейіндегі жоспар орындалуы тиіс. Бұл үшін бізде барлық ресурстар мен мүмкіндіктер бар»,- деп жүктеді С.Ахметов.
Осыған орай, Премьер-Министр ӨДМ-ге барлық бағыттар бойынша Бағдарламаның жүзеге асырылуына тұрақты мониторинг пен қатаң бақылау жасауды, облыстар, Астана мен Алматы қалалары әкімдіктеріне осы айдың соңына дейін бөлінген қаржыны игеру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.