2013 жылы барлық аудандық ветстансалар мен ауылдық ветеринарлық пункттер бекітілген нормативпен жарақтанатын болады - АШМ
АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - 2013 жылы барлық аудандық ветстансалар мен ауылдық ветеринарлық пункттер бекітілген нормативпен жарақтанатын болады.
Бұл туралы 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған бағдарлама жобасы талқыланған ҚР Парламенті Мәжілісінің аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.
«Аудандық ветстансалар мен ауылдық малдәрігерлік пункттерді жарақтандыру нормативі бекітілді. Ел бойынша бұл жұмысты нормативке жеткізуге 16,5 миллиард теңге қажет, оның 6 млрд. теңгеге жуығы келесі жылға жоспарланып отыр, ал 2014 жылы барлық ветстансалар мен ауылдық малдәрігерлік пункттерді инсенираторлармен және мал өлекселерін тасымалдау тіркемелерімен қамтамасыз етуіміз қажет. Осы норматив бойынша негізгі тізім келесі жылдың алғашқы жартысында қамтамасыз етіледі. Оған көлік құралдары, қажетті құрал-жабдықтар, ветпрепараттарды сақтайтын тоңазытқыш камералары және басқа да қажетті құралдар кіреді», - деді А.Мамытбеков.