2013 жылы бюджет есебінен 400-ге тарта басылым интернетке ауыстырылады

АСТАНА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - 2013 жылы бюджет есебінен 400-ге тарта басылым интернетке ауыстырылады.

2013 жылы бюджет есебінен 400-ге тарта басылым интернетке ауыстырылады

Бұл туралы бүгін Астанада өткен «Қазақстандық БАҚ және интернет-ресурстардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру» атты семинар-тренингте ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Кальянбеков мәлім етті.

Комитет басшысының атап өткеніндей, 2013 жылдан бастап елімізде «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Оның негізгі мақсаттарының бірі отандық ақпараттық кеңістікті дамыту болып табылады.

«Бағдарлама аясында 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында республикалық бюджет қаржысынан 205 басылым интернетке ауыстырылды. Жылдың соңына дейін БАҚ-қа арналған интернет-ресурстардың жалпы саны 400-ге дейін жеткізіледі. Бүгінде біздің аймақтардағы басылымдар республикалық баспасөзге қарағанда заман ағымынан қалып барады. Олар бұрынғы әдіспен, әлі қағаз бетінде жарияланып келеді», - деді ол.

Б.Кальянбековтың сөзіне қарағанда қазіргі уақытта Қазақстанда интернет пайдаланушылардың саны артып келеді. Сондықтан газет-журналдардың интернет үлгілері болуы шарт. ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің мәліметі бойынша, 2013 жылы наурыз айында Қазақстанда интернеттің кірігу деңгейі 62,3 пайызды құраған. Бұл шамамен 10 млн. астам адам.