2013 жылы Facebook негізін қалаушы Цукербергтің жалақысы 1 долларға тең болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемге танымал Facebook әлеуметтік желісінің негізін қалаушы Марк Цукербергтің 2013 жылдағы базалық жалақысы 1 АҚШ долларын ғана құрады.
Бұл жайында Бағалы қағаздар мен биржалар бойынша американдық комиссияға тапсырылған құжаттарда белгіленген, деп жазады шетелдік БАҚ.
Еңбекақының бұл көлемі 2012 жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмендеген, яғни сол кезде оның жалақысы 503,205 долларды құраған болатын.
Алайда, 29 жасар дарын иесінің қаржылық жағдайына алаңдаудың реті жоқ, себебі ол әлемде ең дәулетті адамдардың тізімінде 22 орынға жайғасты.
Сонымен қатар «Силикон жазығының» өзге де атақтылары өздеріне осы тектес жалақыны тағайындаған болатын. Мәселен, кезінде iPhone негізін қалаушы Стив Джобс өзіне тап осындай еңбекақы белгілесе, сондай-ақ Google негізін қалаушылар Сергей Брин мен Ларри Пэйдждің де бүгіндегі жалақысы 1 долларға тең.
Бүгінде Марк Цукербергтің дәулеті 27 млрд. доллардан асты. Ол директорлар кеңесінде 61,6 пайыз деңгейіндегі дауысқа ие Facebook желісінің акцияларын иемденіп отыр.