«2013 жылы қазақ ғарышкері ғарышқа аттана алатын кезең болады деу қиын» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 8 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 8 сәуір, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Қазақ елі қуаныш құшағында, Бақыт құсы шарықта, ұш ағында». Дәл бүгін бұлай шалқи сөйлейтін жөніміз бар. Мұндай күнді қазақ «ақ түйенің қарны жарылған күн» дейді. Бүгін ҚР-ның сайланған Президенті Н.Назарбаевтың қызметіне ресми кірісуіне орай салтанатты Ұлықтау рәсімі өткізіледі. Осы салтанатты шара қарсаңында, кеше елордада Елбасы «Қазақстан» орталық концерт залында болып, «Балалық шағымның аспаны» атты жаңа көркем фильмнің тұсаукесеріне қатысты. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Өнермен өрілген өмір» деген тақырыппен көлемді мақала жарық көрді. «Фильмнің өн бойында бала Сұлтанның, бозбала Сұлтанның, жігіт Сұлтанның аспанға құштарлығы, ұшқыш болмақ арманы алтын арқау ретінде тартылған. Бұл арада аспан - биіктіктің, асқақтықтың символы. Президент ол арманына да жеткен. Елбасымыздың әлем аспанына Қазақстан қыранын қалай қалықтатып шығарғанын бұл күндері бүкіл дүние көріп отыр», - деп жазады басылым.
Бүгінде Қазақстандағы президенттік сайлаудың қорытындылары Нұрсұлтан Назарбаевтың танымалдылық феномені әділетті назар аудартатын шетелдік саясаткерлер мен халықаралық сарапшылар тарапынан белсенді талқыланып жатыр. Бұл аспект алдағы жылы өздерінде мемлекет басшысын сайлайтын біздің жақын көршіміз - ресейліктерді де қызықтыратыны түсінікті. Барлық осы көкейкесті сұрақтарға «Российская газетаға» берген сұхбатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев жан-жақты жауап қайтарады. Сұхбаттың қазақша тәржімасы ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Қазақстан жасампаз көшбасшыны таңдады» деген тақырыппен беріліп отыр.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, азық-түлік пен қызмет көрсетулер бағасы күннен-күнге қымбаттап отырғанына қарамастан, Ұлттық банк инфляция белгіленген дәлізден шықпайды деп есептейді. Бұл жайында газеттің жұма күнгі нөміріндегі «Инфляция деңгейі өспейді» деген тақырыпта баяндалған. Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконың баспасөз мәслихатында айтқандарына сенетін болсақ, инфляция деңгейі төмендеп келеді. «ҚР Статистика жөніндегі агенттіктің ресми деректері бойынша, наурызда инфляция 0,5 пайыз деңгейінде қалыптасып, өткен жылдың дәл осы мерзімімен салыстырғанда төмендеді. Өткен жылы наурызда инфляция 0,7 пайызды құраған болатын», - депті ол.
«Кеше Сенат қабырғасында елді елең еткізерлік жаңалық жария етілді: Қазақстан Тайсойған полигонын жапқалы отыр! Бұл жерді Ресей сонау Кеңес дәуірінде-ақ әскери полигонға айналдырған, онда Қызыл Армияның ауыр және орта зымырандары сыналып, жарылыс күші мен зардабы бағамдалған көрінеді», - деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның атап өтуінше, осы полигон аумағынан мұнайдың мол кені табылыпты. Бұны Мұнай және газ министрі Сауат мыңбаев та қоштап отыр. «Тайсойған полигонында, біздің анықтағанымыздай, біраз кен орындарында мұнай табылды. Осыған байланысты біз қазір бұл мәселені Ресеймен келіссөздер арқылы шешудеміз. Біз мұнай табылған жерді Тайсойған полигонының аумағынан шығарып, Ресейге басқа жерлерден полигон аумағын қарастырып береміз деген ойдамыз», - дейді министр. Мақала «Қазақстан Тайсойған полигонын жапқалы отыр» деген тақырыппен берілген.
***
«Сенаттың отырысы басталмас бұрын Жоғары палата депутаттары жайғаса бастаған уақытта кешегі президенттіктен үміткер Ғани Қасымов залға кіріп, біршама әріптесінің қошеметіне бөленіп қалды. Сайлаудан бері тек теледидар мен бильбордтан ғана көріп, сағынысып қалса керек-ті, бір әріптесі беттен «шөп» еткізе амандаса, енді біреулері айқара құшақтап, бірі арқадан қақты кандидатты», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Осылай өрбіген «Шетелдіктердің жерді жалға алуына шектеу қойылады» деген тақырыптағы мақаладан Сенат қабырғасында көтерілген жайттармен егжей-тегжейлі таныс бола аласыздар.
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабековпен арадағы сұхбат «2013 жылы қазақ ғарышкері ғарышқа аттана алатын кезең болады деу қиын» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Менің ойымша, Қазақстан Республикасы «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы барлық нысанның меншік иесі бола отырып, өзінің ғарыш саласын құруда ғарыш айлағында құрылған қызмет түрлерінің барлығын жете пайдалануы қажет. Ресей Қиыр Шығыста «Восточный» ғарыш айлағын салу арқылы ғарыштық бағдарламаларын жүзеге асыруда «Байқоңыр» ғарыш айлағының рөлін қайта қарайды. Осыған байланысты Ресей біртіндеп «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға алудан бас тартады», - дейді.
***
Күні кеше елімізде өткен саяси додада айқын жеңіске жеткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына мемлекет, үкімет басшыларынан, халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен, сондай-ақ еліміздің барлық аймақтарынан сайлаудағы жеңісіне байланысты құттықтауларлар легі толастар емес. Мәселен, «Казахстанская правда» газетінде жарық көрген Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың құттықтауында: «Халықтың Сізге көрсеткен сенімі Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған Сіздің жүргізіп отырған бағытыңыздың дұрыстығының айқын көрінісі болып табылады», - делінген. Ал Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті Шейх Халифа бен Заид Әл Нахаян өз құттықауында Н.Назарбаевтың арқасында еліміздің әлемнің жетекші мемлекеттерімен серіктестік қатынастар орнатып, нығайта түскендігін және қызметінің барлық салаларында зор жетістіктерге жеткендігін баса айтқан.