2013 жылы кеденшілер қысқаратын болады - Мәжит Есенбаев
«Менің ойымша, 2013 жылы тиісті үдерістерді толығымен жүзеге асырғаннан кейін біз кеденшілердің санын қысқарту жайында сөз қозғайтын боламыз. Атап айтқанда, алдағы жылы кеденшілердің қанша пайызы қысқаратынын сол кезде айтатын боламын»,-деді М. Есенбаев.
Кеден бекеттерін санаттау жұмыстары атқарылып жатқанына тоқталған комитет басшысы, егер 2011 жылы 107 кеден бекеті болса, қазір 95-і қалғанын, яғни кедендік бақылауға нұқсан келтірместен, санатталған кедендік бекеттерді оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы сәуірде М. Есенбаев кеден бекеттерін санаттау жұмыстары атқарылатынын хабарлаған болатын. Оның сөзіне қарағанда, Кеден бекеттерін жабдықтау деңгейі мен географиялық орналасуы, сондай-ақ рәсімделетін тауарлардың құрылымы бойынша санаттау жұмыстары жүргізіледі. «Бүгінде 107 кедендік бекет бар. Оның ішінде 25-і шекарада орналасқан. Әр бекетке паспорт әзірлеу қарастырылып отыр. Аталған құжатта кедендік бекеттің қызметі ескеріліп, онда бекеттің және әр кеденшінің жұмысы регламенттеледі. Сондай-ақ тиімсіз кедендік бекеттерден бас тартылатын болады»,-деп айтқан болатын комитет басшысы.
Консультативтік Кеңес кеден органдары мен бизнес-қоғамдастықтар арасындағы әріптестік арқылы сыртқы экономикалық қызмет саласындағы көкейкесті мәселелерді талқылау және әкімшілік кедергілерді жою бойынша тиімді шешімдер шығару мақсатында құрылды. Аталған кеңес аясында кедендік әкімшілендіруді жетілдіру; кедендік әкімшелендіру саласындағы ІТ-технологияларды жетілдіру; кеден заңнамасын жетілдіру; кеден ісі саласындағы мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін бірлескен жұмыс топтары құрылды.
Бүгінгі отырыстың күнтәртібінде инвестициялық ахуалды жақсарту, сыртқы сауда қатынастарын, көліктік және коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, әкімшілік рәсімдеуді жетілдіру мәселелері көтерілді.