2013 жылы республикалық маңызы бар 3 500 шақырым жол жөнделедi

АСТАНА. 30 мамыр. ҚазАқпарат - ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің ақпаратына сәйкес,
None
None

ағымдағы жылы республикалық маңызы бар 3 500 шақырым жол жөндеу жұмыстарымен (құрылыс және қайта салу жұмыстарымен - 888 шақырым, орташа және күрделі жөндеу жұмыстарымен - 1 112 шақырым) қамтылады, оның ішінде 2 000 шақырым жолды құрылыс маусымының соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Жыл басынан бері «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің 220 шақырым жолы салынған болса, ағымдағы жылы кезекті 806 шақырымы іске қосылады.

«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізі құрылысының жобасын жүзеге асыруға кіріскелі бері 915 шақырым жол салынғанын естеріңізге салып өтеміз. Қазіргі уақытта 1 233 шақырым жолда құрылыс жұмыстары жүргізілуде, ал жылдың соңына қарай 383 шақырым жолда құрылыс жұмыстары басталады. Жобаны аяқтау 2015 жылға жоспарланған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2013 жылғы шілдеде Астана - Қарағанды, Алматы - Қапшағай, Астана - Павлодар жобасын бастау жоспарланып отыр. «Орталық - Оңтүстік» автокөлік бағытын дамыту аясында болашақта Қарағандыдан Алматыға дейін Балқаш көлі үстінен көпір салу мүмкіндігін қарастыра отырып, жол салу көзделуде. Бұл бағыттағы жұмыстарды толығымен 2019 жылы аяқтау жоспарланған.

2020 жылға дейін «Астана - Өскемен» жолын қайта жөндеуді аяқтау жоспарланып отыр. Бұл бағытта ұзындығы 155 шақырымды құрайтын Павлодар - Қалбатау учаскесінде де құрылыс жұмыстары жалғасады. Оның аяқталуы 2020 жылға жоспарланған.

Бұдан басқа, ағымдағы жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Таскескен - Бақты автожолының 40 шақырым учаскесінде қозғалыс қарқындылығы мен жүктемеге сәйкес келмеген жолдың көп бөлігіндегі жол жамылғысын қайта салып, оны қолданысқа беру жоспарда бар.

Ресей Федерациясының шекарасы - Орал - Ақтөбе учаскесін, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары бойынша 65 шақырым жолды қайта жөндеуді аяқтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жолдың бұл учаскесі 2014 жылы пайдаланымға берілген соң Оралдан Ақтөбе қаласына дейін автокөлікпен қатынау айтарлықтай жеңілдей түспек.

Азия даму банкінен және республикалық бюджеттен қаражат тарту есебінен Бейнеуден Шетпеге (298 шақырым) дейінгі жолды қайта салу жұмыстары да жалғасуда. Сондай-ақ, Шетпе - Ақтау учаскесін қайта салуға Азия даму банкінен қарыз алу жөніндегі келісімге қол қойылды.

Бұдан бөлек, министрлік аяқталуы 2014 жылға белгіленген Астана - Қостанай - Челябі халықаралық дәлізін дамыту бойынша да жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Қапшағайдан Талдықорғанға дейінгі аралықтағы тасжолды толығымен жөндеу жұмыстарымен қамту жоспарланған.

Мұның сыртында «Үлкен Алматы айналма тас жолы» жобасын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын бастау 2014 жылға жоспарланған. Жолдың жалпы ұзындығы 65,5 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздемесін өңдеу және тендерлік құжаттарды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, 2020 жылға дейін Қазақстанда ЭКСПО-2017 шарасына дайындық аясында 4 жобаны жүзеге асыруды қоса есептегенде барлық халықаралық көлік дәліздері желісінің реконструкциясын аяқтау жоспарланып отыр. Бұлар жоғарыда аталған Астана - Қарағанды, Астана - Павлодар, сондай-ақ Астана қаласының оңтүстік - батыс айналымы мен Щучинск - Зеренді жолдары. Сондай-ақ, 2020 жылға дейін жалпы қолданыстағы 38 мың шақырым жолға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар