2013 жылы техникалық байқау орталықтарына қойылатын талаптар күшейтіледі

Бұл туралы бүгін Астанада «Жол-көлік қозғалысының қауіпсіздігі туралы» заң жобасына ұсыныстар енгізуге арналған дөңгелек үстелде ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Қайрат Әбсаттаров мәлім етті.
«Бізде бүгінгі күні 550 техбайқау желісі мен 258 орталық бар. Олардың 94-і тиісті стандарттарға жауап береді. Дегенмен ел іші техникалық байқау қызметімен толық қамтылғаннан кейін, оларға қатысты талаптарды күшейтіп, жаңа стандарттарды енгізетін боламыз. Стандарттың жобасы қазіргі уақытта жасалды және бір айдың көлемінде Үкімет Қаулысы арқылы бекітуді жоспарлап отырмыз. Ал техникалық байқауды аталмыш жаңа стандарттар бойынша өткізу 2013 жылдан бастап енгізіледі», - деп атап өтті Қ. Әбсаттаров.
«Осыған байланысты техникалық байқау орталықтарының жауапкершілігін айқындауды ұсынамыз. Ең бастысы, орталықтардың міндеттерін жазып, олардың жауапкершілігін нақты белгілеу қажет. Қазіргі уақытта мұндай жауапкершілік еш жерде нақты көрсетілмеген. Бұл мәселені ҚР ІІМ-мен бірлесе отырып, «Жол-көлік қозғалысының қауіпсіздігі туралы» заң жобасына енгізу жұмысын пысықтағымыз келеді», - деп түйіндеді сөзін вице-министр.
Оның айтуынша, биыл техникалық байқаудан өтуге тиіс көліктердің 36 пайызы осындай орталықтармен қамтылған.