2014-2015 оқу жылында елордалық оқушылар халықаралық олимпиадалар мен ғылыми сайыстарда 150 медаль жеңіп алды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қалалық білім басқармасының басшысы Эльмира Сұханбердиева елорданың дарынды мектеп оқушыларымен кездесті.
«Астана қаласында дарынды балаларды анықтау, қолдау және дамыту бағытында мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Біздің жұмысымыздың ерекшелігі соңғы нәтижеге бағытталған. Елорда мектептері оқушыларының барлық деңгейдегі олимпиадаларда, ғылыми және интеллектуалды сайыстарда жеткен жетістіктері соның дәлелі», - деді кездесу барысында Э.Сұханбердиева.
Оның атап өтуінше, 2014-2015 оқу жылында елордалық оқушылар халықаралық олимпиадалар мен ғылыми сайыстарда жалпы білім беретін пәндер бойынша 150 медаль жеңіп алған. Олардың 26-сы - алтын, 34-і - күміс, 90-ы қола медаль. Өткен жылдың қазан айында 57 оқушыдан құралған елордалық команда Алматыда өткен республикалық ғылыми жобалар байқауына қатысып, 2 алтын, 4 күміс, 15 қола медаль жеңіп алған. Ал Атырау мен Оралда өткен гуманитарлық және техникалық пәндер бойынша республикалық олимпиадаға 78 оқушы қатысты. 11 оқушы 1-ші, 15 оқушы 2-ші, 18 оқушы 3-ші орынды иеленсе, 10 оқушы мақтау қағазымен марапатталды.
«Аталған жетістіктердің барлығы елорда оқушыларына 8-ші рет «Үздік команда-2015» атағын алуына мүмкіндік берді», - деді ол.
10-11 сыныптың 42 оқушысы қатысқан кездесу сұрақ-жауап түрінде өрбіді.