2014-2015 жылдары ҚР Ұлттық банктің интервенциялар көлемі 39,7 млрд долларға жетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014-2015 жылдары Қазақстан Ұлттық банкінің елдегі валюталық нарықтағы интервенцияларының көлемі 39,7 млрд долларды құрады, деп хабарлады Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев ресейлік «Ведомости» газетіне берген сұхбатында.
«Жалпы алғанда, Ұлттық банк интервенцияларының көлемі (валюта нарығында валютаны сату түрінде - ҚазАқпарат) 2014 жылы 22 млрд долларды құрады. 2015 жылы біз тағы 17,7 млрд долларды саттық», - деді Д.Ақышев.
Оның айтуынша, айырбас бағамын нарық анықтайды.
«Егер кәсіпорындар мен тұрғындар тарапынан тек шетелдік валютаға деген сұраныс болып, жалғыз сатушы - Ұлттық банк болса, бұл саясаттың болашағы жоқ. Оның соңғы нүктесі - алтын-валюталық қорларды тауысу. Құбылмалы бағамға өту шешімі аяқасты болған жоқ. Үлкен дайындық жұмыстары, мемлекеттік органдарда кеңінен талқылау жүргізілген», - деп атап өтті ҚР Ұлттық банкінің басшысы.