2014 жыл соңына дейін еліміздің ЖІӨ-дегі энергия қамтымдылықты 10 пайыздан аспайтын деңгейге түсіру керек

ТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2014 жыл соңына дейін еліміздің ЖІӨ-дегі энергия қамтымдылықты 10 пайыздан аспайтын деңгейге түсіру керек. Бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңесте ҚР Вице-премьері-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев осылай мәлім етті.

2014 жыл соңына дейін еліміздің ЖІӨ-дегі энергия қамтымдылықты 10 пайыздан аспайтын деңгейге түсіру керек

Вице-премьердің айтуынша, бүгінгі таңда аталған көрсеткішке қол жеткізудің нақты жүйелі жоспарлары әзірленіп қойған. «Біз өзіміз үшін электр үнемдеу бойынша кешенді шаралар қамтылатын негізгі секторларды анықтадық. Ең алдымен бұл еліміздегі барлық электр энергияның 70 пайызын тұтынатын өнеркәсіп секторы болып отыр. Сосын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторы (барлық электр энергияның 15-20 пайызын тұтынады) және бюджеттік сектор (мектептер, ауруханалар, мемлекеттік мекемелер т.б.). Осы секторлар бойынша біз барлық қажетті тетіктерді әзірледік. Оны қараша айында Үкіметтің отырысына шығаруды жоспарлап отырмыз. Ал бұл бағыттағы негізгі құралдар ретінде мыналарды атап өтуге болады: кәсіпорындардағы энергоменеджмент, салықтық ынталандыру, энергоқозғалтқыштар үшін энергия тиімділігінің стандарттарын белгілеу, жаңа ғимараттарға құрылыс нормаларын енгізу, қызатын электрлі шамдарды сату мен шығаруға сатылап тиым салу, мемлекеттік энергетикалық реестрді қалыптастыру», - деді Ә. Исекешев. Оның айтуынша, энергоүнемдеу мәселелері жөнінде жыл соңына дейін нақты заңнамалық нормалар қамтылуы шарт. Солай болған жағдайда, келесі жылдан бастап энергия тиімділігіне қатысты жоспарланған шаралар біртіндеп жүзеге аса бастайды.

«Бұл ретте өнеркәсіптік секторға келетін болсақ, бастапқы жұмыстар Қазақстанның 15 ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары төңірегінде жүзеге аса бастайды. Аталған 15 кәсіпорын еліміздегі барлық электр энергиясының 30 пайызын тұтынып келеді. Егерде, біз осы кәсіпорындардың электр энергияны тұтынуын 15 пайызға дейін төмендете алсақ, онда 4 млрд. квт/сағат және 2 млн. тонна көмірді жыл сайын үнемдейтін едік. Басқаша айтсақ, бұл жыл сайын 40 млрд. теңгені үнемдегенді білдіреді. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық аясында және бюджеттік нысандар секторымен жұмыс барысында республикамыздағы 2230 ғимарат, 5812 тұрғын үй және 1100 шақырым жылу желілері энергия тиімділігіне қатысты шаралармен қамтылады. Егер біз осы нысандардан электр және жылу энергиясының тұтыну көрсеткішін 20 пайызға төмендете алсақ, онда жылына 1,3 млрд. квт/сағат және 8 млн гкал үнемдейтін едік. Бұл ақшаға шаққанда 37 млрд. теңгені құрайды. Жалпы белгіленген шараларды жүзеге асырсақ, 9,5 млрд квт/сағат пен 8,2 млн. гкал жылу энергиясын және 9 млн. тонна көмірді шығындамау есебінен, 100 млрд. теңгені де үнемдей алатын едік», - дейді Ә. Исекешев.