2014 жылдан бастап Астанада балаларды пневмококк жұқпасына қарсы еге бастайды

АСТАНА. 24 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - 2014 жылдан бастап Астанада пневмококк жұқпасына қарсы балаларды жаппай егу басталады.
None
None

Бүгін қала әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР ДСМ Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Сарқыт Бейсенова мәлім еткендей, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, әлемде пневмококк инфекциясынан пайда болатын сырқаттардан жылына 1,6 млн.-нан астам адам қайтыс болады. Соның ішінде 1 млн.-ға жуығы - 5 жасқа толмаған балалар. Ал 1 жасқа толмаған балалардың шетінеу үлесі 40 пайызды құрап отыр.

Ал Қазақстанда 2007-2009 жылдар аралығында респираторлық және пневмония ауруларынан 1 жасқа дейінгі балалардың қайтыс болу көрсеткіші, барлық өлім-жітім себебінің арасында 3 орында, ал инфекциялық аурулар бойынша 1 орында болды.

Пневмококк - жедел пневмонияның қоздырғышы (әсіресе, кішкентай балалар мен қарттарда). Қанға түскен жағдайда қоздырғыш ми қабықтарының, өкпенің, буынның және тағы басқа ағзалардың іріңді қабынуына алып келеді. Балаларда жиі кездесетін клиникалық түрлері - жедел орта отит (60 пайызға дейін), пневмония (65-80 пайызға дейін) және менингит (5-20 пайыз).

ТМД елдері ішінде Қазақстан пневмококк жұқпасына қарсы егуді кезең-кезеңімен енгізіп отырған елдердің бірі. 2010 жылдың желтоқсанында вакцинациялау Шығыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстарында жүргізіле бастады. 2011 жылы бұл тізімге Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан облыстары енгізілді. Ал Астана қаласында балаларды пневмококке қарсы егуді 2014 жылы бастау жоспарланып оытр.

С.Бейсенова атап көрсеткендей, егу үшін құрамында пневмококктың 13 серотипі бар АҚШ-та өндірілген вакциналар қолданылады. Егу 2, 4 жастағы және 12-15 айлық балаларға жүргізіледі.

Астана қаласының Санэпидқадағалау басшысы, балаларды пневмококк жұқпасына қарсы егуді алдын ала егудің ұлттық күнтізбесіне енгізу - балалардың пневмониядан шетінеуін азайтуға және науқастар санын төмендетуге мүмкіндік беретініне сенімді.

Соңғы жаңалықтар