2014 жылдың 6 айында бюджет алдында 118,6 млрд. теңге қарызы бар 2450 кәсіпорын банкротқа ұшырады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қалалық мемлекеттік кірістер департаменті Экономикалық тексеру қызметі басқармасының таныстырылуы өтті.
Таныстыру шарасына қатысқан Астана қалалық мемлекеттік кірістер департаменті бастығының орынбасары Серік Шаламбаевтың айтуынша, Экономикалық тексеру қызметі жұмысында мемлекет пен бизнеске экономикалық шығын әкелетін қылмыстық сызбаларды құратын тұлғалардың жолын кесуге басымдық беріледі.
«Сонымен қатар көлеңкелі бизнестің өн-бойымен қабысып жатқан жалған кәсіпкерлікпен күрес те бұл мекеме жұмысындағы басым бағыттардың бірі болып қала береді», - деді ол.
Бұл пікірді құптаған Астана қалалық мемлекеттік кірістер департаменті Экономикалық тексеру қызметі басқармасының басшысы А.Әлімовтің сөзіне қарағанда, аталған басқарма қызметінің тиімділігі заңсыз табыстарды көлеңкеден шығару, ел бюджетін еселеу, ақша қаражаттарын заңды айналымға қосумен тікелей байланысты болмақ.
Оның атап өтуінше, салық және қаржылық жауапкершіліктен жалтару мақсатында кәсіпорынды банкротқа ұшырату бүгінде өзіндік бизнеске айналды десек те болады.
«Мәселен, 2014 жылдың 6 айында бюджет алдында 118,6 млрд. теңге қарызы бар 2450 кәсіпорын тарату процедурасынан өтті», - деді А.Әлімов.