2014 жылдың соңына қарай Қазақстанда салықтық дауларды шешудің оңтайлы үлгісі әзірленеді - Л.Ережепова

Бұл туралы бүгін Қазақстандағы салық даулары: пайда болуы және шешілуі» тақырыбы бойынша Астанада басталған семинарда ҚР Қаржы министрлігі Салық комитеті салық аппеляциялары басқармасының бастығы Ләззат Ережепова айтты.
Л.Ережепова атап көрсеткендей, Дүниежүзілік банктің (ДБ) техникалық және қаржылық қолдауымен 2012-2014 жылдар аралығында Салықтық әкімшілендіруді құру жобасы (СӘҚЖ) жүзеге асырылатын болады. Оның шеңберінде апелляцияға беру деңгейлерін қысқарту көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде салық төлеушілердің шағымдарын қарау мерзімін оңтайландыруға мүмкіндік беретін болады.
ДБ Қазақстан Республикасында қолдану үшін сотқа дейінгі апелляциялардан бөлек, салықтық даулар салық соттарында қаралатын - АҚШ пен Канаданың тәжірибесін ұсынып отыр.
Қазақстан онымен бірге, еуропалық елдердің тәжірибесін зерттеуде. Аса қызығушылықты Ұлыбританияның тәжірибесі тудырып отыр. Онда салық мәселелері бойынша арыздар міндетті түрде сотқа дейін қаралады. Оның үстіне, қайта қарауға берудің бірінші қадамы - салық төлеуші мен қызмет инспекторының даулы мәселе бойынша мәмілеге келу мүмкіндігі. Мәмілеге келу мүмкін болмаған жағдайда Арнайы немесе Жалпы Комиссарлар істі қарау үшін Трибуналға береді. Арнайы немесе Жалпы Комиссарлар аталмыш қызметтің жанында тұрақты жұмыс істейді, бірақ өзінің құрылымына байланысты тәуелсіз болып қала береді.
Комиссарлар істер бойынша тыңдауды құпиялықты сақтай отырып, жабық есік жағдайында өткізеді. Трибуналдың шешімінен кейін, салық төлеуші Апелляциялық сотқа қайта қарау шағымын түсіре алады.
«Жапонияда Ұлыбританияда сияқты қайта қарауға шағымданудың екі жолы бар: әкімшілік және сот арқылы. Қайта қараудың бірінші сатысы - қайта қарау туралы арыз түсіп отырған шешімді қабылдаған - салық органында, келесі сатысы - жоғары тұрған салық органында өтеді», - деді ол.
«Салықтық дауларды қараудың қолданыстағы тәртібіне жасалған талдау және бағалаудың негізінде, 2014 жылдың соңына қарай сарапшылар алдағы уақытта жүзеге асырылуы мүмкін ұсыныстарды жасайтын болады. Сондай-ақ Салық комитетінің қызметін халықаралық стандарттар мен әлемнің үздік тәжірибелеріне сәйкестендіретін - орта және ұзақ мерзімді дамыту бойынша ұсынымдар берілмек», - деп түйіндеді ол.