2014 жылға дейін елімізде Үкімет арқылы 300, ал жергілікті билік арқылы 800 жаңа кәсіпорын салу жоспарлануда - Елбасы

АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - 2014 жылға дейін елімізде Үкімет арқылы 300, ал жергілікті билік арқылы 800 жаңа кәсіпорын салу жоспарлануда. Бүгін Ақордада отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

2014 жылға дейін елімізде Үкімет арқылы 300, ал жергілікті билік арқылы 800 жаңа кәсіпорын салу жоспарлануда - Елбасы

Мемлекет басшысы өткен жылы Қазақстанда индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы әзірленіп, алғашқы жылдың өзінде ғана 152 жаңа кәсіпорын салынғанын атап өтті. Сонымен қатар аталған кәсіпорындардың өз өнімдерін Қазақстаннан тысқары жерлерге де экспорттауға қабілетті екендігін баса айтты. Осындай ауқымды шалардың арқасында 1 жылда елімізде 25 мың жаңа жұмыс орындары құрылып, ел экономикасы өсімінің жалпы көлемі 8,5 пайызға жетті. Бұл көрсеткіштің 2 пайызы күні кеше іске қосылған жаңа кәсіпорындардың еншісінде.

«Біз 2014 жылға дейін Үкімет арқылы 300 және жергілікті өңірлік билік арқылы 800 жаңа кәсіпорын салуды жоспарлап отырмыз», - деді Н.Назарбаев.

Елбасының атап өтуінше, тек өткен жылы ғана елімізде машина жасау саласы 19 пайыз өсім көрсеткен.