2014 жылға дейін Ресейден келетін мұнай импортының мөлшері сақталып, одан әрі алмасу операциялары жүзеге асады - Мұнай және газ министрі

Бүгін Мәжілісте «Ішкі нарықты мұнаймен және мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету» және «Қарашығанақ жобасының үлесін мемлекеттің сатып алуы» тақырыптарындағы Үкімет сағаты барысында Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев осылай мәлім етті.
«Былтыр Ресей мұнайы Павлодар және ішінара Шымкент мұнай өңдеу зауыттарына жеткізіліп тұрды. Жалпы алғанда елімізде ішкі тұтынудың жартысына жуығы мұнай импортының есебінен болып отыр. Бұндай жағдай белгілі бір тәуелділікке әкеп соғуы мүмкін. Ал тәуелділіктен құтылуға және біздің мұнай өңдеу зауаттарын отандық өніммен қамтамасыз етуге бола ма? Мұндай мүмкіндік ішінара Қазақстан-Қытай құбырын салған уақытта пайда болды. Дегенмен мұнай импортынан құтылу мәселесін нақты бағалау қажет етіледі. Өйткені, Павлодар зауыты бастапқыда батыс сібір мұнайына жобаланған және отандық мұнайды пайдалану барысында технологиялық сипаттағы мәселелер орын алып отыр. Тапшылықтағы ашық-түсті мұнай өнімдерінің шығаруы азайып тұр», - дейді Сауат Мыңбаев. Бұдан бөлек, министрдің айтуынша, отандық мұнайды құбырлар арқылы тасымалдау және теміржол арқылы жеткізу шығыны артып отыр. Ең бастысы, республикалық бюджеттен әлеуетті шығыстар едәуір соманы құрайды. «Ішкі нарыққа баратын жеткізілімге қарағанда экспорттық жеткізілімге жоғары салық салынады. Егер біз экспортымызды 7 млн. тоннаға азайтып, осы 7 млн. тоннаны ішкі нарыққа қайта бағыттасақ, онда біздің бюджетке түсім жылына 1,8 млрд доллар кем түсетін еді. Ал Ресей 7 млн. тонна мұнайды Қазақстанға жеткізу барысында одан да көп жоғалтады. Себебі олардың экспорттық баж салығы бізге қарағанда жоғарылау. Осыған орай былтырлары Ресей Қазақстанға бажсыз мұнай жеткізуді дереу тоқтатуға көндіргісі келді. Алайда, келіссөздер нәтижесінде осындай жеткізілімдер 2014 жылға дейін сақталатын болып уағдаластық. 2014 жылдан кейін алмасу операциялары жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте біз мұнайды Омбы-Павлодар құбыры арқылы алатын боламыз, ал Қазақстанның дәл осындай мөлшердегі көлемі Атырау-Самара құбыры арқылы жеткізіледі», - дейді С. Мыңбаев.
Министрдің айтуынша, Қазақстан Ресеймен мұнай алмаспай, тек сатып алып отырған жағдайда көрші елдің ұстанған бағасына еш әсер ете алмаймыз. «Қайткенде де біз алып отырған Ресей мұнайының бағасы бренд бағасынан екі есеге арзан. Ал бұның өзі Қазақстанда тұтынатын мұнайдың тең жартысына жуық болып табылады. Жалпы бұдан шығатын қорытынды бюджеттен елеулі шығын шығармай, біз ерікті түрде мұнай өнімдеріне бағаны төмендете алмаймыз», - дейді министр.