2014 жылға қарай Қазақстан тұрғындарын толығымен өзіндік электр энергиясымен қамтамасыз етеді
Бұл туралы бүгін елордада өткен көмірді өндіру мен өңдеудің экологиялық таза технологиясына арналған семинар барысында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Электр энергетикасын және көмір өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Жақып Бөкенбаев айтты.
Еліміздің 2010-2014 жылдарға арналған электр энергетикасын дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі нәтижелерінің бірі елімізді толығымен өзінде өндірілетін электр энергиямен қамту екендігін атап өткен ол, «егер қазіргі таңда бұл үлес шамамен 98 пайызды құрап отыр. ал бағдарлама шеңберінде жүзеге асырылатын шаралардың нәтижесінде ол 100 пайызға жетуі керек», деді.
Оның атап өтуінше, аталған бағдарламаның мақсатты индикаторына сәйкес тұтынудың болжамды көлемі сағатына 96,8 кВт болғанда 2014 жылы электр энергиясын өндіруді сағатына 97,9 кВт-қа жеткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ департамент басшысының сөзіне қарағанда, салалық бағдарламаны жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарына электр желілері нысандарын дамыту, олардың қолданыстағы қуатын кеңейту, жаңарту сынды 13 маңызды жоба енгізілген.