2014 жылға қарай Қазақстанда «Еуро-5» экологиялық стандарты енгізілуі мүмкін
АЛМАТЫ. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - 2014 жылы Қазақстанда «Еуро-5» экологиялық стандарты енгізілуі мүмкін. Бүгін Алматыда мұнай өңдеу экологиясы мәселелері жөніндегі дөңгелек үстел барысында халықаралық сарапшылар 2014 жылға қарай Қазақстанның «Еуро-5» экологиялық стандартын енгізу жөніндегі жоспарының жүзеге асырылу мүмкіндігін растады.
Олардың бағамдауы бойынша «Еуро-5» экостандарттарын енгізу Қазақстанда ауаға шығарылатын зиянды заттардың жалпы мөлшерін үш есеге төмендетуге мүмкіндік бермек. Бұл жағдай парник газдарын төмендету бойынша Киот хаттамасы шеңберінде елімізге жүктелген міндеттемелерді жүзеге асыру жолында едәуір ілгері басушылық болып табылады. Ауа бассейнін ластау жағдайының 80 пайызы көліктерден шығарылған газдарға келетін еліміздің ірі қалаларында тыныс алу жеңілдей түспек. Сондықтан Қазақстан «Еуро-5»-ті енгізуді жуық арада қолға алады.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан бұл бағыттағы жұмыстарын бастап та кетті. Бұған мысал ретінде ҚР Мұнай және газ министрлігінің «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясына 2014 жылға қарай «Еуро-5» стандартына сәйкес келетін жанармайды шығару туралы жақында берген тапсырмасы дәлел бола алады.
«Қазақстан бұл стандартты енгізуді қысқа мерізімде жүзеге асыра алады. Бұл ретте Еуропа тәжірбиесін қолдана алады. Аталған мәселені шешу Қазақстанға үлкен қалалардың экологиясын жақсартып қана қоймай, сондай-ақ, парник газдарын төмендету жөніндегі халықаралық бағдарлама шеңберінде қосымша қаржы құралдарына қол жеткізуге мүмкіндік бермек», - деп атап өтті Киот хаттамасы мәселелері бойынша ҚР Үкіметінің британдық кеңес берушісі Иан Ватт.
Сарапшылар бұнымен қатар Қазақстан «Еуро-5» талаптарына сай жанармай өндіруде әлемнің көптеген елдерінде қолданылатын заманауи екі сатылы терең гидрокрекинг технологиясын пайдалануды ұсынды. «Қазақстандық МӨЗ-де гидрокрекинг технологиясын қолдану уақыт пен қаражатты үнемдеп, «Еуро-5» және одан да жоғарғы экостандарттарға жауап беретін отынды шығаруға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, сіздердің зауыттарыңыз сапалы бензин, экологиялық талапқа сай дизельдік отын, авиация қажеттіліктеріне арналған керосин және жоғары сапалы отандық мотор майын шығаруға қабілетті болады»,-дейді Chevron Lummus Global (АҚШ) компаниясының аға кеңес берушісі Войцех Свинарски.
Оның айтуынша, көрші Ресейде Росмұнайдың бір өзі соңғы уақытта гидрокрекинг технологиясын енгізу бойынша бес жобаны жүзеге асырған. «Татмұнай» және «Киришемұнайоргсинтез» секілді ірі ресейлік компаниялар Нижнекамский зауытында және Кирише қаласында аталған технологияны орнату бойынша келісім-шарттарға отырған. Иелігінде екі МӨЗ-і бар және «Еуро-5» стандартына сәйкес келетін жанармайды өндіру бойынша көпжылдық тәжірибеге ие Беларус Республикасы өз өнімін Еуропаға табысты түрде экспорттауда. «Аталған мысалдар әлемдегі өзгерістердің беталысын байқатады. Сондықтан Қазақстан қазір бүкіл еліміздің экологиясына едәуір ықпал ететін осы күрделі мәселеге қатысты маңызды шешім қабылдауы қажет»,- деді сарапшылар.