2014 жылға қарай Қазақстанның фармацевтика саласы экспорттық стандарттарға көшетін болады - Ә. Исекешов
АСТАНА. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ 2014 жылға қарай Қазақстандағы фармацевтика саласы экспорттық стандарттарға көшетін болады. Бүгін ҚР Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы барысында Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешов осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ағымдағы жылдың екінші жартысында үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың 11 жобасы жүзеге аса бастайды. Оның ішінде 3 жоба басымдық негізінде айқындалған болып табылады. Жалпы, алғанда ағымдағы жыл барысында елімізде индустриялық-инновациялық дамудың 23 жобасы жүзеге асады деп жоспарланып отыр», деді Ә. Исекешов.
Министрдің айтуынша, индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында Қазақстанда алғаш рет машина жасау, фармацевтика секілді салалар ірі ауқымдағы жоба ретінде жүзеге аса бастайды. Бұндай сала еліміз үшін жаңа әрі өнімділігі жоғары салалар болып табылады. «Бұнда негізінен мемлекеттік тапсырыс басым рөл атқарады. Мәселен, фармацевтика бойынша біз қазір ішкі сұранысты толық зерделеп шықтық. Бұған дейін Қазақстан жыл сайын дәрі-дәрмекті шеттен сатып алып келсе, сол дәрі-дәрмектер есепке алына отырып, ішкі сұраныс базасында жүзеге асатын негізгі жобалар айқындалды. Бұндай жобаларға шетелдік инвесторлар да атсалысады деп күтілуде. Жалпы, 2014 жылы еліміздегі фармацевтика саласы толығымен өнімді экспорттауға арналған стандарттарға көшеді. Сонымен бірге, Елбасының тапсырмасына сәйкес, осы жылдары еліміздегі әрбір екінші дәрі-дәрмек Қазақстанда шығарылады», деді Ә. Исекешов. Оның айтуына қарағанда, бұндай тәсілдер медициналық қондырғылар, машина жасау секілді салаларға да қолданылады.