2014 жылға қарай құрылыс материалдар нарығының 80 пайызын отандық өндіріс иеленеді

АСТАНА. 9 маусым. ҚазАқпарат - Индустрияландыру бағдарламасы басталғаннан бері Қазақстанда құрылыс өнеркәсібі қарқынды дамуға бет алды.

2014 жылға қарай құрылыс материалдар нарығының 80 пайызын отандық өндіріс иеленеді

Мысалы, 2012 жылдың төрт айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырса, құрылыс материалдары өндірісінің жеке индекс көлемі 111,9 пайызды құраған. Саланың алдындағы басты міндет - ішкі өндірісті 80 пайызға жеткізе отырып, құрылыс материалдарына деген сұранысты қанағаттандыру, деп хабарлайды pm.kz сайты.

Елбасының тапсырмасы бойынша ел Үкіметі жүзеге асырып отырған Индустрияландыру бағдарламасы Қазақстанның құрылыс өнеркәсібін жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік берді. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мәліметінше, республикамыз бойынша құрылыс материалдарын өндіретін 1254 кәсіпорын бар. 2010-2011 жылдары Индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 117 млрд. теңге болатын 85 инвестициялық жоба пайдалануға берілген. Енді екі жылда жалпы құны 211 млрд. теңге болатын 35 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.

Құрылыс индустриясын дамытуда «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жүзеге асыру негізгі аспектіге айналады. Бұл бағдарлама аясында 2020 жылға қарай 63 млн. шаршы метр тұрғын үй аумағы пайдалануға берілмек. Осыған байланысты, 2014 жылға қарай отандық құрылыс материалдарының өндірісін 80 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Үкімет іс-шаралар кешенін әзірледі. Атап айтсақ, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі агенттікпен бірлесе отырып, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының аясында пайдалануға берілетін үйлердің құрылысына қажетті негізгі құрылыс материалдарының көлемі, сонымен қатар «Ақ бұлақ», ТКШ жаңғырту және көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламаларына қажетті көлемді есептей отырып, құрылыс материалдарының негізгі түрлері бойынша баланстарды есептеді.

ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі өндіріс қуаттылықтары бойынша тұтынушы сұранысын қанағаттандыру үшін цемент, арматура, темір құбырлар, кірпіш пен бетон өнімдерін көп мөлшерде шығару керек. Жеке көлем индексінің өсім көрсеткіштері Жамбыл, Қостанай және Ақтөбе облыстарында тіркелген. Мысалы, Жамбыл облысы «Мыңарал Тас компаниясы» ЖШС цемент өндіретін зауыт есебінен осындай өсімге қол жеткізген, зауыт 2011 жылы 5 млрд. теңгенің өнімін шығарған.

Сонымен қатар, құрылысқа Беларусь, Германия және Ресей тәжірибелерін зерттей отырып, құрастыру-каркастық және ірі панелді үй құрылысы тәсілдері пайдаланылады. Үй құрылыс комбинаттарын құру есебінен құрылысқа кететін шығынды 30 пайызға дейін азайтуға болады. Сондай-ақ инновациялық технологиялар енгізіліп, ішкі өндірістік қуаттылық көлемі де артатын болады. «Өнімділік-2020» бағдарламасында да үй құрылыс комбинаттары жобаларын пайдалану көзделген.