2014 жылғы әлем чемпионатының көріпкел қояны Twitter-ден аккаунт ашты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көріпкел қоянның болжамдарын енді әлеуметтік желілерден бақылауға болады. Қазақстандықтарға жақсы таныс қоянның енді өзіндік твит-аккаунты пайда болды, деп хабарлайды «Еуразия» бірінші арнасы.
Бірінші постында ол тіпті өзі туралы азды-көпті ақпарат беріпті: «Болжаушы, сарапшы, қолданбалы оракултану және бүлдірген кафедрасының меңгерушісі. Қарапайым, көреген, арынды. Таныс болайық».
Өз парақшасында Көріпкел мундиальдің алдағы матчтарына қатысты болжамдарымен бөлісіп қана қоймай, ел жаңалықтарын талқылайды, күні бойы алған әсерлерімен бөліседі, елдің танымал адамдарымен бірге түскен суреттерін, қызық бейнематериалдарды жариялайды және түрлі БАҚ-тағы өзі туралы жарияланымдармен мақтанады. Естеріңізге сала кетейік, чемпионат басталғалы қоян Бразилия - Хорватия, Голландия - Испания, Италия - Англия, Франция - Гондурас және Испания - Чили матчтарының жеңімпаздарын дөп тауып келді.