2014 жылғы қаңтарда Қазақстандағы инфляция 0,6 пайызды құрады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасындағы инфляция 0,6 пайызды құрады. Бұл туралы ҚР Статистика агенттігінен хабарланды.
«Баға азық-түлік тауарларына өткен айда 0,5%, азық-түлік емес тауарларына 0,3%, ақылы қызметтерге - 1%-ға өсті. Өткен айда баға өсімі картопқа 5,4%, жаңа жиналған көкөністерге - 4,9%, алкогольді ішімдіктер мен темекі өнімдеріне - 2,5%, шикі сүтке - 1,9%, жаңа жиналған жемістерге - 1,3%-ға, айранға, қаймаққа - 1,2%-дан, сары майға - 0,8%-ға, макарон өнімдеріне, ұнтақ, арпа жармаға - 0,6%-дан өсуі белгіленді», - делінген агенттік мәліметінде. Бағаның төмендеуі қарақұмық жармаға 1,6%, күнбағыс майына - 0,7%-ға, сиыр, қой етіне - 0,6%-дан, қантқа - 0,4%-ға тіркелді. Баға тұрмыстық заттарға, қатты отынға 0,8%-дан, жуғыш және тазалағыш құралдарға - 0,5%, киім және аяқкиімге - 0,3%-ға өсті. Бағаның деңгейі көлік қызметтеріне 2,5%, денсаулық сақтау - 1,5%, мейрамханалар мен қонақ үйлер - 1,3%-ға жоғары болды. Жеке көлiк құралдарын сақтандыру үшін төлем 7,7%, құқықтық қызметтер - 7,2%-ға жоғарылады. Сонымен қатар Статистика агенттігінің мәліметінде, тұрғын үй-коммуналды қызметтер саласында тарифтер суық суға 3,7%, электр энергиясына - 1,5%, тарату желілері бойынша тасымалданатын газға - 0,8%, кәрізге - 0,7%-ға, тұрғын үйді күтіп ұстауға - 0,4%-ға өскені атап өтілген.