2014 жылы байланыс және ақпарат саласының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 3,8 пайызға артатын болады-ҚР Байланыс және ақпарат министрі А. Жұмағалиев
АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2014 жылы байланыс және ақпарат саласының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 3,8 пайызға артатын болады.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту тақырыбында өткен Үкімет сағатында Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті.
Министрдің айтуынша, ағымдағы жылдың 9 айының көрсеткіштері бойынша байланыс және ақпарат саласының өсім индексі 110 пайыздан астамды құраған. «Бұдан кейін де біз осы өсу индексін сақтауға тырысатын боламыз. Мақсатты индекаторларға тоқталатын болсақ, 2014 жылы ішкі жалпы өнімдегі байланыс және ақпарат саласының үлесі 3,8 пайызға, интернеттің кең жолақты абоненттерінің тығыздығы 100 тұрғын үшін 22-ге, республика ауғамын сандық телеарнамен қамтуды 95 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», - деді А. Жұмағалиев.
Министрдің пайымдауынша, алдағы төрт жыл ішінде әлеуметтік маңызды қызметтердің 50 пайызын электрондық түрде жүзеге асыру көзделеді. «Қорыта айтқанда 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламаның нәтижесінде еліміздің ақпараттық қоғамға, инновациялық экономикаға көшу мүмкіндігін іске асыруға қол жеткіземіз», -деді ведомство басшысы.