2014 жылы елордада 70 ардагердің пәтерінде жөндеу жұмыстары жүргізілді
Астанадағы әлеуметтік саясатты іске асырудың бір бағыты - әлеуметтік әлсіз топтарға көмек көрсету болып табылады. Әлеуметтік көмек Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларға және тыл еңбеккерлеріне көрсетіледі.
Соғыс ардагерлеріне республикалық ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық бөлімшесі де жәрдемдесуде. Қызметкерлер ардагерлерге күн сайын көмектесіп, олардың денсаулығын бақылауға алады.
Демеушілердің есебінен ардагерлердің пәтерлерінде қолма-қол «жедел жәрдем» шақыруға мүмкіндік беретін арнайы «дабыл түймесі» орнатылған. Ардагерлерге тегін медициналық көмек көрсетіледі. Бұдан бөлек, өткен жылы 70 ардагердің пәтеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 120 адам «Нұра» санаториясында демалып, ем қабылдауға мүмкіндік алды.
Астаналық ардагерлер мектептер мен университеттерге барып, патриоттық іс-шараларға қатысады. Жеңістің 70 жылдығына орай ұйым соғыс қаһармандарының қатысуымен көлемді іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр.
Еске сала кетейік, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәлімдеуінше, ай сайын жергілікті бюджет есебінен Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне және оларға теңестірілген тұлғаларға:
- коммуналдық қызмет ақысын төлеу үшін әлеуметтік көмек;
- қалалық жолаушылар көлігінде жүруге жеңілдік;
- тіс протезін салдыру;
- санаториялық-курорттық ем қабылдау;
- бекітілген дәрі-дәрмектер тізімі бойынша амбулаториялық ем қабылдау кезінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету;
- ҰОС ардагерлеріне жергілікті мерзімді басылымдарға жазылу, моншаға және шаштаразға бару үшін бір жолғы төлем;
- елеулі күндер мен мерекелерде ақшалай төлем түріндегі әлеуметтік жәрдем ұсынылады.