2014 жылы Қазақстанда бес жүрдек теміржол бағыты іске қосылады - ККМ

«2014 жылы Астана - Қызылорда, Алматы - Ақтөбе, Алматы - Защита, Астана - Защита және Алматы - Ташкент бағыттарында жүрдек пойыздарды іске қосу жоспарлануда. Аталған бағыттардың ашылуы осы өңірлердегі жолаушылар тасымалына деген жоғары сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ әр бағыт бойынша жол жүру уақыты орташа есеппен 1,5-2 есеге дейін қысқармақ», - делінген ведомство мәлімдемесінде.
Сонымен қатар, белгілі болғандай, Астанадан Қызылордаға жолаушылар қазіргідей 2 тәулікте емес, бір тәуліктің ішінде жететін болады. Астана-Защита жүрдек пойызы болса Павлодар станциясына аялдайтын болады.
Ағымдағы жылы Алматы - Атырау, Астана - Атырау және Астана - Семей бағыттарында жаңа жүрдек пойыздарының іске қосылғанын айтып өту керек. Аталған бағыттар бойынша жол жүру уақыты екі есеге дейін қысқартылды. Барлық пойыздар 27 «Тальго» вагондарынан құралған. Сондай-ақ, 2013 жылғы қаңтарда Павлодар - Астана бағытындағы жолаушылар пойызының бағыты Қарағандыға дейін, ал Астана - Орал бағытындағы жолаушылар пойызының бағыты Ақтөбе қаласына дейін ұзартылған болатын.
Көлік және коммуникация министрлігінің мәліметінше, 2013 жылдың 9 айында тасымалданған жолаушылар саны 19,9 млн. адамды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 9,3%-ға артық. Жолаушылар вагондарын жаңарту үшін ағымдағы жылы 174 жолаушылар вагоны сатып алынған, оның ішінде 125 Тұлпар - Тальго вагоны. Жылдың соңына дейін тағы да 51 вагон алу жоспарланған.